Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің Бюро отырысының үшінші парламенттік сессиясының бірінші отырысы өтті.
Парламент сессиясының ашылуында Елбасы белгілеген заңнамалық басымдықтарды басшылыққа алып, бірқатар мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Палатаның алдағы уақытта өтетін отырысында Мәжіліске келіп түскен жаңа заң жобаларының қорытындыларын дайындау мерзімін анықтау ұсынылды. Бұлар «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2018-2020 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» қаржылық заңдар жобасы. Осы қатарда «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексінің жобасы және ілеспе түзетулер.
Сондай-ақ, Мәжіліске келіп түскен тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша жаңа заң жобасы, әкімшілік құқықбұзушылық, есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымын бақылау туралы түзетулер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне түзетулер.
Құжаттардың ішінде ратификацияланатын актілер де бар. Олар Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы Шарты мен 1996 жылғы 9 желтоқсандағы Нью-Делиде жасалған Қосарланған салық салуды болдырмау туралы Конвенция мен Хаттама. Мәжіліске түскен ратификацияланатын пакеттер мен түзетуге енгізілетін 2006 жылғы 20 наурыздағы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы Келісім мен осы сынды Қазақстан мен Норвегия арасындағы Халықаралық автомобиль тасымалдары туралы Келісімді атап көрсетуге болады.
Жаңа заң жобаларының қатарында «Ұстап беру туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы, сондай-ақ, Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы ұстап беру, сотталған адамдарды беру туралы Келісімді ратификациялау туралы актілер күн тәртібінің жобасына енгізілген.
Сондай-ақ, Палата депутаттарының пленарлық отырысында ратификациялық құжаттарды қарау ұсынылды. Атап айтсақ, Қазақстанның Сербиямен сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы келісім-шарты. Бүгін Бюро отырысында «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау өткізу туралы шешім қабылданды.
Бұдан басқа, Палатаның пленарлық отырысындағы күн тәртібіндегі жобасына Парламенті Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асырудың үшінші сессияға арналған негізгі іс-шаралар Жоспары туралы мәселелері туралы ұсыныс берілді.