Мьянмадан 50 мыңнан астам мұсылман қашып шыққан деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Euronews-ке сілтеме жасай отырып.
«Әскерлер біздің ауылға келіп, бәрін тексеріп, сиырларымызды алып кетті. Сосын қайта оралып, бізге оқ жаудыра бастады, әйелдер мен жас балаларды да атты. Біз күріш алқабы арқылы қаштық. Ауылда қалғандардың барлығын өлтірді»,- дейді жергілікті тұрғындар.
Еске сала кетейік, Ракхайн штатында діни себептерге байланысты мұсылмандар мен жергілікті буддистер арасында қақтығыстар бірнеше рет орын алған болатын. Оқиға тамыз айында елде ұйымдасқан исламдық қозғалыстың полиция бөлімшесіне шабуылынан кейін күрделене түсті. Мұсылмандар тұратын 2600-дан аса үй өртелген.Салдарынан 400 адам зардап шекті. 50 мыңнан аса мұсылман босқын атанды. Мьянмада мұсылмандарға қарсы зорлық-зомбылықтан соңғы жылдары мыңдаған адам көз жұмған болатын.