Алматыда бірқатар оқу нысандарын сейсмикалық нығайту және күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматыда биыл алғаш рет қаладағы 28 оқу нысаны ғимаратының жер сілкінісіне төзімділігін күшейту мақсатында сейсмикалық нығайту жұмыстары жүргізілді. Нақтырақ айтқанда, 22 мектеп пен алты балабақша ғимараты ретке келтірілді.
Қалалық әкімдік баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл мегаполисте екі мектеп пен алты балабақша салынады. Сонымен қатар, алты мектеп пен бір балабақша ғимараты жөделіп, олардың жанынан қосалқы нысандар салынады.
Бүгін Алматы әкімі Бауыржан Байбек сейсмикалық нығайту, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген бірқатар мектеп пен балабақшаларды аралап көрді.
«Қазіргі кезде №71, №106, №53, №63-ші төрт мектепте және №69 и №80 екі балабақшада сейсмикалық нығайту жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ, қыркүйекте №10 мектепте және №77,№82 екі балабақшада аталған бағыттағы жұмыстарды аяқтау жоспарланған. Ал, №187, №192, №4, №162, №19, №118, №101 жеті мектепте қазан айында, №20, №104, №130, №94, №21, №110 алты мектепте қарашада, «Үміт үйі» мен №46 мектепте желтоқсан айында сейсмикалық нығайту жұмыстары аяқталады» делінген Алматы қаласының Құрылыс басқармасы таратқан мәліметте.
Қалада мектеп жасына дейінгі жеті балалар мекемесінде құрылыс жұмыстары жүруде. Мысалы, №110 мектеп жанынан балабақша салынады, №6 балабақша жанындағы қосалқы нысанның құрылысы биыл бітеді. Келесі жылы №184, №185 мектептер жанындағы балабақшалар, Наурызбай және Алатау аудандарында әрқайсысы 320 орынды үш балабақша пайдалануға беріледі.
Қазіргі уақытта Білім берудің сегіз нысанында құрылыс-монтаж жұмыстары жүруде. Жыл аяғына дейін №77 және №156 мектеп жанындағы қосалқы нысандар құрылыстары аяқталады. 2018 жылы Наурызбай ауднында 1200 орынды, Алатау ауданында 600 балаға арналған мектеп, №1 Педагогикалық колледж бен №151, №185 жанынан салынған қосалқы нысандар іске қосылады.
Айта кетерлігі, соңғы 5 жыл ішінде қалада 15 мың орынға арналған 280 балабақша,14 мың орындық 12 мектеп ашылды.Тек өткен жылы ғана жергілікті бюджет есебінен 500 орынды 4 балабақша іске қосылды. «Шаңырақ»,«Қалқаман» ықшам аудандарында мектептер жанына 1800 орынды қосалқы нысандар салынды.
Мемлекеттік-жеке әріптестік аясында 2016 жылы жеке қаржылар есебінен 5,7 орынды 175 балабақша мен мини-орталықтар ашылды. 2017 жылы 200 орынды 57 жеке балабақша пайдалануға берілді. Бизнес тарапынан жасалған қолдау арқасында 14 млрд. теңге бюджет қаржысы үнемделді.
«Соңғы 2 жыл ішінде инвесторлар есебінен 7 мың орынды 54 балабақша салу жөнінде шешім қабылданған. 3 мың орынды 24 балабақша коммуналдық меншікке беріледі. Осының арқасында бюджеттің 24 млрд. теңге қаржысы үнемделді» делінген әкімдіктің хабарламасында.
Алматыда 2 мың орынға арналған 4 жатақхана салу жоспарланған. 1200 орынды тағы бір жатақхананың құжаттары дайындалуда. «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкімен бірге жастардың жеңілдетілген заем арқылы жаңа пәтер алуына мүмкіндік беретін ерекше бағдарлама жасалды.