5 қыркүйекте Нидерланд Корольдігінің Экспо-2017 көрмесіне қатысуы аясында голландиялық жылыжай секторының тізбегіне арналған семинар өтті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Ауылшаруашылық саласындағы 14-тен аса голландиялық компания жылыжай секторындағы заманауи жоғары технологиялық шешімдер жөнінде әңгімелеп, Қазақстанның ауылшаруашылық саласындағы кәсіпкерлерімен және фермерлермен B2B кездесулерін өткізді. Астанадағы семинардан кейін делегация Талдықорғанға және Алматыға бет алады. Талдықорғанда голландиялық кәсіпкерлер жергілікті аграршылармен кездесіп, ал Алматыда голландиялық технология негізінде жұмыс жасайтын жылыжайға барып қайтады.
Қазіргі таңда сарапшылар Нидерландтың жылыжай өндірісін ең кең сұранысқа ие әрі заманауи технология ретінде мойындап отыр. Осының арқасында Нидерланд шағын жер аумағы мен аздаған халық санына қарамастан, ауылшаруашылық секторындағы әлемдік көшбасшы ретінде орнын сақтап келеді. Бүгінгі күні Нидерланд көлемі жағынан екінші орында тұрған ауылшаруашылық өнімдерін шығаратын әлемдік экспортшы, сондай-ақ, өсімдік шаруашылығындағы көшбасшы ел саналады.
Астанадағы семинар мақсаты – Нидерланд пен Қазақстанның ауылшаруашылық саласындағы ынтымақтастығын нығайту. Іс-шараның ашылу салтанатында Нидерланд Корольдігі елшілігінің Алматыдағы кеңсесінің басшысы Вилко Роггенкамп және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Нармұхан Сарыбаев сөз сөйледі. Семинарға жылыжай секторында қызмет жасайтын 14 голландиялық компания және де ауылшаруашылық саласындағы 100-ден аса қазақстандық фермер мен маман қатысты. Семинарға қатысқан голландиялық компаниялардың жартысынан көбі қазірдің өзінде агробизнес саласында Қазақстанмен ынтымақтастық жүргізуде және де олар саланың әлеуетіне жоғары бағасын беріп отыр.
«Осы сауда миссиясының арқасында голландиялық компаниялар Қазақстанның ауылшаруашылық саласының әлеуетін бағалауға мүмкіндік алмақ. Өз кезегінде 14 голландиялық компанияның Экспо-2017 аясындағы осы семинарға қатысуы голландиялық сараптама мен технологиялардың сапасын, сенімділігін және инновациялық қауқарын байқатады деп үміттенемін», - деп атап өтті Нидерланд Экономикалық істер министрлігінің агробизнес саласындағы халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директоры Михил ван Эрекель.
Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы – көлемі жағынан энергетика саласынан кейін екінші орындағы Нидерланд пен Қазақстанның өзара ынтымақтасып отырған саласы. Мәселен, екі ел арасында саудаланған ауылшаруашылық және бағбандық өнім көлемі 2015 жылы 100 млн. еуродан асты, оның айтарлықтай бөлігі жылыжай шаруашылығындағы жобалардың үлесіне тиесілі. Қазіргі таңда Голландияның ауылшаруашылық саласындағы 40-тан астам компаниясы Қазақстанмен жемісті ынтымақтастық жүргізуде.
Мәскеудегі Нидерланд Корольдігі елшілігінің ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелер жөніндегі кеңесшісі Меувес Брауэрдың айтуынша, голландиялық бизнес Қазақстандағы қызметін ары қарай да кеңейтуге ниетті. «Нидерланд Қазақстандағы нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін сіздердің елдеріңізбен көп жылдардан бері табысты ынтымақтасып келеді. Нидерланд – жоғары сапалы тұқымдар мен көшеттерді, заманауи инновациялық технологияларды жеткізіп, ауылшаруашылық саласын кәсіби консалтингпен, тренингтермен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір ел», - деп қосты ол.
Нидерланд Корольдігі Елшілігінің голландиялық бизнес өкілдеріне және қазақстандық фермерлерге арнап өткізетін кездесулері қашанда үлкен сұранысқа ие. Биыл бұл іс-шараны Экспо-2017 халықаралық көрмесі аясында ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.
Биыл сауда миссиясына ірі голландиялық компаниялар қатысуда, атап айтқанда, олардың арасында AltroNova (тұқымдар), Bom Group (дайын жылыжайлар кешені), Celtic Cooling (мұздатқыш және желдеткіш жабдықтар), Certhon (жылыжай кешендері мен жүйелері), Dalsem (жылыжай жобаларын дайындау), Enza Zaden Export B.V. (тұқымдар), Hoogendoorn Growth Management (автоматтандыру жүйелері), Hortilux Schréder (жылыжайларға арналған жарықтандыру), Koppert (өсімдіктерді биологиялық қорғауға арналған құралдар), Philips Lighting Kazakhstan and Central Asia (жарық техникасы және жарықтандыру), Prime Horti Solutions LLP (жылыжайлар және жылыжайларға арналған заттар), Van den Bos Flowerbulbs (гүл баданалары), Van der Hoeven (ауыл шаруашылығына арналған дайын жобалар) сынды компаниялар бар.