Ақтөбеде қайтыс болған Серікболсын Көшербайдың ағзаларын алған дәрігерлерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары тоқтатылды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі "Диапазон"-ға сілтеме жасап.
«Дәрігерлердің әрекетін тексеріп, оған құқықтық баға берілгеннен кейін тергеу трансплантацияға қатысты сұрақтарды реттейтін ереже бұзылмады деген ұйғарымға келді» деді Ақтөбе облыстық прокуратураның басшысы Жасұлан Дәулембаев.
Ақтөбе прокуратурасы қабылданған шешімнің заңды немесе заңсыз екенін тексеріп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, дәрігерлер маусым айында қайтыс болған 22 жастағы Серікболсын Көшербайдың туыстарының рұқсатынсыз оның ағзаларын алып екі басқа адамға салған. Оның туысқандары бұл туралы тек мәйітханада білді.
Кейінірек денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі «Халықтың денсаулығы мен денсаулық сақтау саласы» кодексіне сәйкес, туыстары немесе қайтыс болған адам тірі кезінде трансплантацияға қарсымын деп айтпаса дәрігерлер оның ағзасын ала алатынын хабарлады.