Ер адам мен әйелдің психологиясы
«Махаббат жасқа қарамайды» деген сөз бар. Осы сөздің мәніне үңілер болсақ екі жақты пікір бар. Бірі – адам баласы кез келген жаста ғашық бола алады дегенге әкелсе, екіншісі – ғашық адамдардың арасындағы жас ерекшелігінің ешқандай рөл ойнамайтыны. Қайсысына келісіп, қосылатыныңыз әрине өз еркіңізде, құрметті оқырман! Бүгін аталмыш екі жақты пікірді қатар алып, үлкен жастағы ер адамдардың жас қыздарға неге көңілі ауып, ынтық болатыны жайында сөз қозғап көрелік.
Ер адам мен әйел адамның психологиясы екі түрлі екені бұрыннан-ақ айтылып жүр. Әйел адам көп жағдайда эмоцияға мән береді деп айтылып жатады. Ғалымдардың зерттеуі бойынша әйел адамның миы бір уақытта бірнеше қызметті атқара алады: эмоция мен ашуға ерік беріп, сонымен қатар ақылға салып ойлана алады. Ал ер адамның миы кезек-кезек жұмыс істейді . Көп жағдайда эмоцияға беріле бермейді. Ал махаббатта ше? Сезім мен сүю деген терминдерді ер адам қалай қабылдайды? Неге жасы үлкен ер адамдар жас қыздармен қарым-қатынас құрғысы келеді?
Ер адамдар өз серігін қалай таңдайды?
Психологтардың айтуы бойынша, ер адамдардың 80 пайызы өз жұптарын қалай таңдағандары жайлы сұрағанда өтірік жауап береді. Дәмді тағам әзірлейді әрі ішкі жан дүнесіне мән бердім деп жауап қайырады. Шын мәнінде ер адамдар ең алдымен әйел баласының сырт келбетіне мән береді. Біршама уақыт өткеннен кейін ғана оның үй шаруасына деген ынтасы мен ішкі жан дүниесіне мән береді.
Осы тұста психологтар қыздарды алғашқы кездесуде барныша ашылып, өзі жайлы айтуға асықпауға шықарады.
Үлкен жастағы ер адамның махаббаты
Махаббатта жасқа қойылған шектеу жоқ екені де рас. Адам кез келген жаста ғашық болуға құқылы. Араларында жас ерекшелігі жоқ жұптарға қарым-қатынас құру біршама айырмашылыққа қарамастан махаббат оқиғасын өткеріп жүргендерге қарағанда оңай. Алайда ол қарым-қатынас уақытша болып жатады. Ал үлкен ер адам мен жас қыздың арасында махаббат бола ма? Үлкен жастағы ер адамдар үшін жас қыздар оңай олжа болуы да мүмкін. Оның себебі де бар. Жас қыздардың "көздері байланып", бір адамға байланып қалып жатады. Үлкен жастағы ер адамдар аңғал , әрі ақылы толыспаған жас қызды алдап, өз құрығына түсіргеніне бастапқыда мәз болады. Артынша сәби көңіл мен аңғал адамның әңгімесінен жалығып, байсалды әңгімені іздеуі әбден мүмкін. Ал жас қыздың оған ақылы да, жасы да жетпей жарты жолда жылап қалып жатады.
15 жастағы қыз бен 20 жастан асқан ер жігіт
Ер мен әйелдің арасындағы 7-8 жас айырмашылықты махаббатқа балауға болады. 20 жастан асқан соң жігіттер тұрақты қарым-қатынасты іздейді. Ал жас қыздар өмірді көріп, қыдырғысы келеді. Артынша бір-бірінің бостандығын шектеп жатыр деген оймен қарым-қатынастарын үзіп жатады. Жігіттер өздерінің болашақ жарынан түсіністік пен даналықты іздейді. Алайда ол 15 жастағы қыздың бойынан көп жағдайда табыла бермейтін қасиеттер. 15-16 жасында қыздар өздерін бойжеттік деп санап, үлкен жастағы жігітке ұнауға барын салады.
Осы тұста психологтар қыздарға тым болмаса 2-3 жыл өзінен жас ерекшелігі жоқ жігітпен қарым-қатынаста болуды ұсынады.
20 жастан асқан бойжеткен мен 30 жастағы ер адам
Бұл жаста ер мен әйелдің арасындағы жас ерекшелігі аса қатты байқала бермейді. Әйел отбасы құру, ана атану жайында ойлана бастайды. Ер адам да қоғамнан өз орнын табу үшін қызмет ететін кезеңде тұрады. Екеуі бір-бірін қолдап, түсіністікпен қарайды. Болмашы дүниеден ұрыс шығару азаяды. Отбасы беріктігі жайында көбірек ойлайды.
20 жасқа дейінгі қыз бен 40 жастағы ер адам
Өрімдей жас қыз бен үлкен жастағы ер адамның қарым-қатынасының ұзақтығы адамдардың моральдық қасиеттеріне байланысты болады. Түсіністік пен ойлауы, өзін-өзі ұстауы, ақылы - барлығы үлкен рөл атқарады. Көптеген ер адамдарға тек қамқоршы рөлінде болу ұнап жатады. Олар өзінің жас сүйіктісінің барлық мәселесін шешуге ұмтылып, қыздардың сәби көңіл мен аңғалдығына тамсанумен жүреді. Бұл тізімдегі ер адамдар да санаулы. Оларға да өз сүйгенінен белгілі бір қамқорлықты, керек кезде қолдауды алғысы келеді. Ал 15 жастағы бойжеткен 40 жастағы ер адамға ондай қамқорлықты көрсете алмауы мүмкін.
Неге жас қыздар үлкен ер адаммен көңіл жарастырады?
Мамандардың айтуынша, біріншіден, қыздар үлкен жастағы ер адамдардан әке қамқорлығын іздейді. Үлкен өмірге ерте қадам басқан қыздар бала күндегі қамқорлықты аңсайды. Соның негізінде өзіне қамқор болып, барлық жағдайын жасайтын ер адамды таңдайды.
Екіншіден, жас қыздар оңай өмірге желігіп, қалталы «ағалармен» көңіл жарастырғанды жөн санайды. Еңбек етіп, өмірде өз орнын табудың орнына бір адамның өмірінде екінші рөлді, тіпті үшінші, төртінші орында тұруға да дайын болады. Көпшілік жағдайда 40 жастағы ер адамның үйі, жеке көлігі, тұрақты жұмысы мен табысы бар. Және отбасы мен балалары болып жатады.
Ал неге үлкен жастағы ер адамдар жас қыздарға ынтық болады?
40 жастан асқан ер адам сезім мен қамқорлығын төгілтіп айтылған уәделермен емес іс-әрекет арқылы дәлелдейді. Артынша үйленіп, отбасын құруы да мүмкін. Олар жас жігіттерге ұқсап қыдырып қалу үшін уақыт оздырмайтыны белгілі. Ер адам ол жасқа дейін әйелмен қалай қарым-қатынаста болу керек екені жайлы барлығын біледі. Арадағы түсініспеушіліктің алдын алудың оңай әрі тиімді жолдарынан да хабардар. Егер сүйіктісі біршама жас болатын болса, оны жоғалтып алу қорқынышы басымырақ болады.
Ер адамның жасы ұлғайған сайын ақылы да толыса береді. Ол кезде әйел адам ол үшін тек жыныстық қатынас үшін ғана керек болады.
САУАЛНАМА
Әсем есімді бойжеткен: «Үйленіп отбасын құрған жұптардың уақыт өте келе бір-біріне ұқсап кететіні белгілі. Оның себебі, екі ағза бір-бірімен қосылған сайын екеуінің ұқсастықтары арта түседі. Сол секілді жас қыздың ағзасы да, бет әлпеті де жас болады. Үлкен жастағы ер адамдар үшін бұл жасарудың бір түрі».
35 жастағы сауалнамаға қатысушының айтуынша, 40 жастағы ер адам мен жас қыздың арасында махаббат болуы мүмкін. Алайда соңы жақсылыққа бармайды.
«Қазір өзінің қызымен, тіпті немересімен жасты қыздарға үйлену сәнге айналып бара жатыр. Бұл – қоғамның, қоғамда өмір сүріп жатқан адамның бұзылғаны» деп жауап берді 50 жастағы сауалнамаға қатысушы.
20 жастағы ер жігіт: «Үлкен жастағы ер адам мен жас қыздың отау құрып, шаңырақ көтергені жақсы. Өзімнің жетіп жүрген жетістігімнің барлығы әке-шешемнің арасындағы жас ерекшеліктің барынан деп білемін. Кезінде ата-бабаларымыз жас ерекшелігіне қарамастан үйленген. Соның арқасында салиқалы ұрпақ дүниеге келген. Оның еш әбестігі жоқ деп ойлаймын» деп жауап берді.
«Жас күнімде маған да бір үлкен кісі «кенеше жабысып» айырылғысы келмей қалғаны бар. Барлық қарым-қатынасты үзгеніме 5 жыл өтті. Сонда да ара-арасында хабарласып, жағдайымды біліп тұрады» деп өз оқиғасымен бөлісті 27 жастағы бойжеткен.
«Мен білетін бір отбасылық жұп бар. Әйел 27 жаста, ал күйеуі 56 жаста. Екеуінің үйленгендеріне 3 жыл болды. Араларында бала да бар. Екеуінің де бұрын басқа отбасы болған. Әйелдің одан басқа тағы бір баласы бар. Күйеуі бар жағдайын жасап отыр, бірақ әйел оны көпшілікке көрсетуге ұялатын секілді. Әлеуметтік желіге тек екі ұлының ғана суретін жүктейді» деп бөлісті сауалнамаға қатысушы.
Өмірден алынған оқиға
«Бүгінде бір минуттың ішінде тұрған жеріңнен керек жеріңе такси шақырта саласың. Мен де солай істедім. Жанымда құрбым болды. Такси жүргізушісі хабарласып, нақты тұрған жерімізді сұрады. Бірнеше минуттан кейін айтқан жерімізге келе қалды. Заттарымызды салып, өзіміз де көлігіне жайғастық. Көлік жүргізушісіне дұрыстап қарамадым да. Толықша келген, үлкен жастағы ер адам. Көлікке отыра салысымен шетелдің әуендерін қоя бастады. Назар салмай, өзімізше әңгімелесіп отыра бердік. Қарап қалсам әлгі жүргізуші көліктің алдындағы айнасын маған қаратып, көз алмай қарап отыр екен. Мән бермеген сыңай танытып, отыра бердім. Үйіме жақындаған сәтте әңгімеге тартып, такси қызметін қаншалықты жиі пайдаланатынымыз жайлы сұрады. Ойымызда ештеңе жоқ : «Такси тоқтамаса немесе алыс жерде болсақ қолданамыз» деп жауап бердік. Ол кісі көзін менен алар емес. Өзім ыңғайсызданып қалдым. Таксиден түсіп жатқанда қайта-қайта «Нөмірімді сақтап қой, хабарласып тұр» деп айта берді. О,Алла! Не деген адам? Қызымен жасты қызға сонша тесіліп қарап, қадала сөйлегені несі дедім?!
Ер адамдар аз да болса ойланса екен. Ел арасында «Үйден қырық қадам аттаған соң бойдақ» деген сөз бар. Сол сөзді жаттап алған «ағаларға» айтарым, қызыңмен жасты қызыңа қырындама! Сенің де қызыңа біреу көз салуы мүмкін! Өмір алма кезек дегім келеді».
Адамның барлығы бірдей емес. Өмір де солай. Ақ пен қара қатар алмасып жүреді. Біреудің қателігін көріп екінші біреу сабақ алса екен дейсің. Шаңырақтың тірегі болып отырған ел ағалары ошақ жанындағы аяулы аналарымыздың қадіріне жетіп, үйдегі қызды қияға, ұлды ұяға қондыруды ойласа екен! Қанша жерден жас ерекшелігін ескеріп, сөз қозғағанымызбен өмірдің мәні – бақытты болу!
САБИНА РАМАЗАН
Оставить комментарий