Қазақтың қызы кім? Ал Қазақстан аруы кім? Қазақстан аруы мен қазақ қызының айырмашылығы қандай? Осы екі атақтың бірі ұлттымыздың намысын жерге көмсе, бірі ұлтымызды өрге сүйрейді. Қазақтың батыр да дана қызының келбеті мен сұлулығын кітаптан ғана оқи алатын жағдайға жеткендейміз. Қайран қазақ қызы, дана да, сұлу да, инабатты да бола білген ұлтымыздың болашағы... Қазіргі кезде сол «ұлтымыздың болашағының» жағдайы қандай деңгейде? Неліктен біз ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ деген қадірлі де құрметті атты Қазақстан аруы деген қарабайыр атаққа айырбастап жібердік?
Мен қазір қазақстандық қыздардың барлығына бірдей күйе жағайын деп отырған жоқпын. Тек қана әлем сахнасына жартылай жалаңаш мүсінін көрсеткенімен қоймай, көк байрағымызды жамылып шыққан қара көз қазақ қыздарын көріп намыстанамын, ұяламын. Біз шынымен де қазақ қызы деген атқа кір келтірген, жалаңаш денесін бүкіл әлемге көрсеткен қыздардың жарнамасына соншалықты зәруміз бе? Әлем аруы деген атақ үшін бүкіл әлемге жалаңаш денесін көрсету керек пе?! Бұл қыздардың көшеде тәнін сатып, саудаласып жүрген қыздардан қай жері кем?
Бүкіл әлемді сұлулығымен таңқалдырғысы келген қазақ қызы еш қымсынбастан әлем сахнасында «шешінді»... Міне олардың «қазақ қызының сұлулығын көрсетіп, әлемді таңдай қақтырамыз», - деген сөздері жоғарыдағы сөздерге ұқсайды. Бір ғана айырмашылық бар. Алғашқы сөйлем дөрекі естілсе, екінші сөйлем қалыпты, мәдениетті естіледі. Әлем аруына қатысқан қай қыздың сұхбатын қарасаңыз «Бүкіл әлем қазақ қызының сұлулығын көрсін, таңқалсын», - деген сөзді естисіз. Дәл осылай әлемді таңқалдырмай-ақ қояйықшы. Жартылай жалаңаш денесін көрсеткен Қазақстан аруы қазақ қызы деген қастерлі атаққа жарнама жасамай-ақ қойсыншы. Тіпті қазірдің өзінде Қазақстан аруы деген сөздің дәл қасына қазақ қызы деген атты жазғым келмейді. Себебі екеуі жер мен көк секілді екі бөлек ұғым, екі бөлек әлем...
Қазақстан аруы деген атаққа ие болып, танымал болу қазіргі қара көздердің ауруына айналған секілді. Барлығы осы атаққа қол жеткізіп, атақты болғысы келеді. Қазіргі жаңару кезіндегі қыздардың арман-мақсаты ұсақталып, деңгейі төмендеп кеткен бе? Кезінде Абай атамыз қарсы шыққан мәтелдің бірі, атың шықпаса жер өртенің кебі болып тұр. Атақ үшін бүкіл абыройыңды көрсетіп, масқара болғанша, «жер өртегінің артық» қой, Қазақстан аруы... Бұл атақты қазір ақшасы барлар алады дегенді де естіп жүрміз. Қазақша әріптерге тілі келмейтін кей қыздар да Қазақстан аруы атанды. Не үшін? Осы кезде ақшаға сатып ала ма деген күмәннің пайда болатыны шындық. Қазақша тілі күрмеліп сұхбат берген қызға Қазақстан аруы деген дардай атақты берудің себебін басқаша қалай түсінуге, түсіндіруге болады?!
Бүкіл Қазақстанның атынан шығып тұрған қыздың қазақша білмеуі сұмдық емес пе? Қазақстан аруы әдемі, сымбатты болуымен қатар білімді, талантты болуы керек.
Осыдан біраз жыл бұрын бір бойжеткен теледидардағы Қазақстан аруын көріп, «мен де осы қыз секілді атақты болсам ғой», - деп арманын әжесіне айтқан екен. Сол кезде жақтырмаған кейіп танытқан әжесі «Атақты боларсың, бірақ бар байлығың болған абройыңнан, ұятыңнан айырыларсың. Абыройыңнан айырылғаның тәрбиелеп отырған бүтін бір отбасыңнан да бас тартқаның, олардың тәрбиесін аяқ асты еткенің», - деген екен. Сол сәттен бастап бойжеткен қыз өз арманынан бас тартыпты.
Қазақ қызы қастерлі ұғым еді. Бірақ қазір құны да төмендеп бара жатыр. Бір күн үстіне бүрмелі көйлегін киіп, орамалын таққан қыз суретке түссе «нағыз қазақ қызы» деп пікір жазамыз. Келесі күні дәл сол қазақ қызы суретке түседі, алайда ашық-шашық киіммен, бүкіл абыройын мақтанышпен көрсетіп суретке түседі. Кешегі қазақтығы қайда қалды сонда?! Қазақ қызы қарапайым, ибалы, инабатты дейміз. Сол мінезіміз қайда қалды? Барлығы ата-бабаларымызбен бірге жерге көміліп кетпеген шығар?!
Қазіргі кезде жастардың санасын улайтын бірден-бір дүние ғаламтор мен теледидар. Сондықтан қазақ қызының Қазақстан аруы деген атаққа құмарлығына себеп болған бірден бір фактор – теледидар мен ғаламтор. Жыл сайын ұйымдастырушылар, намысымызды аяққа таптайтын осындай сұлулық сайыстарды өткізіп, бойжеткен қыздарды кастингке шақырады. Сонымен бірге бұл сайыс мемлекетік телеарналардан көрсетіледі. Демек мемлекет қолдау білдіріп отыр. Бірақ не үшін? Қандай мақсатпен қыздарымыздың абыройын төгетін сайыстарды қазақстандық телеарналар көрседі? Бұл сұрақтың жауабы да белгісіз, түсініксіз, құпия...
Сұлулық сайыстарын қолдайтындардың, ақтайтындардың бір жауабы бар. Ол – қазір XXI ғасыр, заманауилық. Қазақ қай ғасырда да қазақ! Қазақ қай ғасырда да қазақтығынан, намысынан айырылмайды. Ақтаушылардың дәл осы жауабы да қазақтың абыройын аяққа таптаған жартылай жалаңаш қызды да, оны қолдап сайысқа дайындағандардың қателігін түзете де, түсіндіре де алмайды.
Қашаннан бері қазақ қызы «менің сұлулығымды көріңдер, сендерді таңғалдырамын» деп мақтанған еді. Қазақ қай кезде де өз әпке-қарындасының, қызының сұлулығын жасыруға тырысқан. Себебі қызғанған, намысының тапталуынан қорыққан. Сондықтан қазақ қызының дәрежесі қай заман да болсын қадірлі, қастерлі болды. Осы қастерлі атағымызды абыройсыз атаққа айырбастамай-ақ қадірімізді, атақ-абыройымызды сақтап қалғанымыз жөн...
Авторы: Әсел Болатқызы
Оставить комментарий