Мемлекет қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлына қабірі басында құран бағышталды

/uploads/thumbnail/20170912141120768_small.jpg

Бүгін ірі мемлекет қайраткері, 2006 жылы қастандықпен қазақ тапқан Алтынбек Сәрсенбайұлының 55 жасқа толатын туған күніне орай туыстары мен достары, шәкірттері марқұмның қабірі басында құран оқыды, деп жазады Qamshy.kz тілшісі.

31 жасында-ақ Қазақстанның Ақпарат министрі қызметіне келген, ашық ойлы, жаңашыл тұлғаға Кеңсай зиратында құран бағыштауға туған ағасы, «Жас Алаш» газетінің бұрынғы бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Төлеген Жүкеев, мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосов, қоғам қайраткері, тәуелсіз саясаткер Әміржан Қосанов, «ДАТ» жобасының жетекшісі, қоғам қайраткері Ермұрат Бапи, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан сияқты ел ағалары келді.

Жиналғандар бірнеше мәрте құран оқыған соң, Төлеген Тілекұлы сөз алып: «Алтынбек елдің есінде, халықтың жадында қалған тұлға. Қазақтың жаңа тарихында өзінің орнын ойып алған азамат еді. Елге, ұлтымызға, мемлекетімізге үлкен үлес қосты. Мемлекеттің қазіргі дамуына интеллектуалды, саяси ұйымдастыруымен айрықша еңбек етті. Қазіргі қазақ мемлекетінің бірінші іргесін қалаушылардың қасында болды, мемлекет құрған Советтік буынның ішіндегі аса дарынды азамат еді. Жас кетті. Қалай айтқанда да Алтекең есімізде қалатын, жадымызда қалатын, тарихымызда қалатын алтын әріппен жазылатын тұлға. Сол себептен ұмытпайық, Алтекеңнің әулетіне, жанұясына, балаларына, туыстарына жақсылық тілеп солардың қуанышында кездесіп тұрайық! Аман болайық! Алтекеңнің арманын балалары, халқы көрсін!», - деп жалынды сөзін арнады.

Image result for Алтынбек Сәрсенбайұлы қамшы

Өмірінің соңғы жылдары Қазақстандағы оппозиция жетекшілерінің бірі болған саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы 2006 жылғы ақпанның 11-і екі көмекшісі – Бауыржан Байбосын және Василий Журавлевпен бірге қастандықпен өлтірілген. Марқұмның туыстары Алтынбектің өліміне байланысты Қылмыстық істің саяси астары бар деп есептейді.

Бас прокуратураның мәлімдемесіне сәйкес кезінде Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіру жөніндегі тапсырысты орындағаны үшін айыпты деп танылған Рустам Ибрагимбеков 2012 жылғы сәуірде Қазақстанның Жоғарғы сотына қайта арыз жазып, «қастандыққа тапсырыс берушінің шын есімін» жария еткен.

2013 жылы желтоқсанның 20-сы күні Қазақстан бас прокуратурасының өкілі Астанада арнайы брифинг өткізіп, «Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс беруші Ержан Өтембаев емес, Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев» деген мәлімдеме жасады. Ержан Өтембаев 2006-шы жылы саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берді деген айыппен 20 жылға сотталған болатын, кейіннен оның жазасы екі рет жеңілдетіліп, босап шықты. Қылмысқа айыпты деп танылған, ҰКҚ экс басшылары, сырттай сотталған Рахат Әлиев 2015 жылы 24 ақпан күні Австрия түрмесінде жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Өлімінің себебі ретінде өзіне қол жұмсағаны айтылды; Әлнұр Мұсаев болса Еуропада бостандықта жүр.

Алтынбек Сәрсенбайұлы – 1993-інші жылдан бастап Қазақстанның баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі, ақпарат және қоғамдық келісім министрі, мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі, 2001-інші жылдан Ұлттық қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі сынды лауазымды мемлекеттік қызметтерді атқарды. Ал 2003 жылдың күзінен бастап Алтынбек Сәрсенбайұлы Қазақстан оппозициясының қатарына қосылып, «Ақ жол» демократиялық партиясының тең төрағасы болып сайланды. 2004 жылы Қазақстанда парламент сайлауы өтер алдында Алтынбек Сәрсенбайұлы аз ғана мерзімге ақпарат министрі қызметіне қайта оралды. Алайда, сол жылы күзде өткен парламент сайлауы заң талаптарын өрескел бұрмалаушылықпен өткізілгенін мәлімдеп, оған наразылық ретінде министр қызметінен кетті. 2005 жылдан оппозициялық «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы және «Әділетті Қазақстан үшін» республикалық қозғалысының төралқа мүшесі болды.

Оставить комментарий

Связанные Статьи