Әкімдерге жеке меншіктегі жерлерді алу құқығы беріледі

/uploads/thumbnail/20170912185157322_small.jpg

Әкімдерге жеке тұрғын үй құрылысы қажеттігі үшін мемлекет мұқтаждығына жатқызу арқылы жекеменшіктегі жерлерді  алу құқығы беріледі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Еркебұлан Дауылбаев мәлім етті, - деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі  ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын таныстырған ол: «Ауыл шаруашылығы жерлерінің көп бөлігінің «бір қолға» берілуін болдырмау мақсатында Заң жобасында әр облыстың әкімшілік аудандары (қалалары) шегінде қазақстандықтарға жалға берілуі мүмкін ауыл шаруашылығы жерлерінің ең жоғарғы мөлшерін белгілеу көзделген.

Бұл ретте, облыстың бірнеше аудандарындағы не бірнеше облыстардағы ауыл шаруашылығы жерлерін «бір қолға» беру берілетін жерлердің жиынтық алаңы республика үшін белгіленген шекті (ең жоғарғы) мөлшерден аспайтын жағдайда ғана мүмкін болады. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы жерлерін республика бойынша шекті (ең көп) мөлшерден асатын көлемде «бір қолға» беруге жол берілмейді. Олардың мөлшері өкілді және атқарушы органдардың бірлескен ұсынысының негізінде Үкіметпен бекітіледі», - деді ол.

Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы жерлерінің ең көп мөлшерін айқындау үшін тиісті Есептеу әдістемесін әзірлеуде, онда республиканың әрбір өңірінің жағдайы мен ерекшелігі ескерілетіп болады.

«Мұнан басқа, заң жобасында шекаралық белдеу мен шекара аумағында орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, Қазақстан Республикасының шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарына немесе шетелдік заңды тұлғаларға және Қазақстан Республикасының шетелдіктер қатысатын заңды тұлғаларына беруге тыйым салынады. Мемлекеттік шекараның шекаралық белдеуінде орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері жеке меншікке де, жер пайдалануға да берілмейді. Аталған белдеуде ауыл шаруашылығы жерлерін жергілікті халықтың мұқтаждықтары (жайылым, шабындық ретінде және т.б.) үшін ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Мемлекеттік шекараның шекара аумағында орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері тек Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына (шетелдіктер қатыспайтын) ғана уақытша жер пайдалану құқығында берілетін болады. Заң жобасымен жеке аула малын жаюға жайылым алқаптарының жетіспеушілігі проблемасын шешу мақсатында елді мекендер айналасында халықтың мұқтаждығын қанағаттандыру үшін ондағы жеке аула малының көлемі бойынша жайылым алаңдарын айқындайтын норма көзделеді. Аталған аумақтарда Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына оларды жер пайдалану құқығында беруге тыйым салынатын болады. Қазіргі уақытта елді мекендердің айналасындағы жайылымдардың көп бөлігі жекелеген тұлғалардың жеке меншігі мен жер пайдалануында екенін ескере отырып, әкімдерге қажеттілікті негіздеу арқылы халыққа керек жайылымдар мен жеке тұрғын үй құрылысы үшін қажетті жер учаскелерімен қамтамасыз ету деген қажеттілігін мемлекет мұқтаждығына жатқызу арқылы оларды алып қою мүмкіндігі берілетін болады», - деді Е.Дауылбаев.

Бұл ретте, оның сөзіне қарағанда, жер реформасы шеңберінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін қажетті жер учаскелерімен қамтамасыз ету мәселесі кеңінен талқыланғаны ескеріліп, оған қажеттілікті елді мекеннің бас жоспарына сәйкес, қанағаттандыру мәселесін шешу қарастырылады.

Оставить комментарий

Связанные Статьи