ҚазАқпараттың хабарлауынша, Алматы қаласында жалған смартфондар жасап шығаратын цех табылды. Цех «Аэровокзал» сауда орталығының маңынан табылған. Онда жұмыс жасайтын алаяқтарды «iPhone» маркалы телефон құрастырып отырған уақытта Алматы қаласының мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері тапқан.
Жедел іздестіру нәтижесінде Қазақстанның өзге аймақтарынан келген азаматтар мен Алматыдағы Орталық универсал дүкенінен келген (ЦУМ) саудагерлер ұсталды. Тәркілеу барысында 30 дана «iPhone» тәркіленді. Сарапшылардың ойынша бұл телефондарды түпнұсқадан ажырату өте қиын. Оның себебі бұл телефондарды құрастыру барысында «жедел жады» мен «орталық процессордың» түпнұсқасы қолданылған. Дегенмен, гаджеттің басқа құралдары арзан бағада сатылатын бөлшектерден тұрады. Бұл қылмыс ҚР заңының ҚК 222-бабымен (тауар белгісін заңсыз пайдалану) жауапқа тартылады. Тергеу амалдары жүргізілгеннен кейін іс сотқа жолданады.
Оставить комментарий