Алматылықтар 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өтетін тіркеу науқанына қатысып жатқан 78 медицина ұйымының біріне тіркеле алады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Биылғы тіркеу науқанына қатысып жатқан 78 денсаулық сақтау субъектісінің 31-і жеке меншік клиникалар», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев.
«Науқан кезінде тұрғындар емхана таңдау құқығын пайдалана алады. Ал, медицина ұйымдары әр дәрігерге түсетін жүктеме мен 2018 жылы жан басына шаққанда бөлінетін қаржы көлемін анықтауға мүмкіндік алады. Ол үшін денсаулық сақтау субъектілері осы екі айда өздеріне қанша азаматтың тіркелгенін анықтап алуы тиіс», - дейді филиал басшысы.
Азаматтар екі түрлі тәсілмен тіркеле алады: жеке куәлігімен емханаға барып жазбаша өтініш жазады немесе электронды үкіметтің egov.kz порталы арқылы тіркеледі.
Ал, емхана таңдау құқығын пайдаланбаған тұрғындар емханаға тұрғылықты жері бойынша автоматты түрде тіркеледі.
Тіркеу науқаны туралы толық мәліметті Медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайтынан алуға болады. Науқанға қатысып жатқан медицина ұйымдарының толық тізімі сайттың «Клиника таңдау» бөлімінде орналасқан.
Естеріңізге сала кетсек, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 7 қыркүйекте денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорын қалыптастыру жұмыстарын бастаған. Оған мемлекеттік тапсырыс негізінде халыққа қызмет көрсетуден үміткер 1519 медицина ұйымы өтініш берді. Соның 193-і Алматы қаласында орналасқан.