Елге оралып, Тараз қаласынан «Ықтияр хат» алған қандастарымыздың басы дауға қалғанын хабарлағанбыз. Делдалдардың құрығына ілінген 251 адам не Қазақстанның азаматтығын ала алмай, не Қытайға бара алмай әбден қиналған болатын.
Осы мәселеге байланысты 9 қарашада Жамбыл облыстық ІІД басшысының тапсырмасы бойынша, Тараз қаласында 251 қандастың мәселесі бойынша дөңгелек үстел өтті. Осы жиынға «Ықтияр хат» дауына іліккен 30-дан астам қандасымыз барды. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі хабарлайды.

Тараз қаласына барған кезде қуанышты хабарды естіп, төбеміз көкке жеткендей қуандық. Жамбыл облыстық ІІД басшысының орынбасары Бәйісов Руслан Әбдіғаппарұлының хабарлауы бойынша, қандастарымыз өз тұратын елді-мекеннен азаматтық ала алатын болды. Сол сәттегі қандастарымыз бен жанашыр азаматтардың қуанышын сөзбен жеткізу тіптен мүмкін емес. Тараздан қайтқан кезде қандастарымыздың әнұранды бірге шырқауынан-ақ олардың туған елге, Отанға деген айрықша сезімін, ыстық ықыласын байқауға болады. Ендігі кезекте оларға қажетті құжаттарды жинастырып, азаматтығын алу ғана қалды.
Айта кетерлігі делдалға ұрынған 251 этникалық қазақ қазіргі уақытта әр жерде жүр. Соны пайдаланған кейбір "құтқарушы" делдалдар қандастарымыздың қалтасын тағы қағуы мүмкін. Сондықтан Тараздағы «Ықтияр хат» дауына қатысты 70-80 адамнан құралған топ бар екенін естеріңізге саламыз. Аталған топтың ұйымдастырушысы — Бақыт Құрмаш есімді азамат. Егер қандайда бір сұрақтар бойынша жауап алғысы келген азаматтар болса төмендегі нөмірге хабарласуын сұраймыз.
Бақыт Құрмаш: 87077831527; 87788831527