Пәкістанда тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың балалары оқитын тегін мектеп жұмыс істейді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Мектеп Карачи қаласында орналасқан.
Оқу орны матамен қоршалған, шатыры да қолдан жасалған. Соған қарамастан пәкістандық оқушылардың білім алуға деген ынталары зор.
Шагуфта Нафис үшін бүгінде әр күн мейрам. Себебі ол тегін мектепте білім алатын оқушы қыз. Күні кеше болашағы қараң болуы мүмкін еді. Отбасының жағдайы төмен болғандықтан Шагуфа өзі білім алып жатқан мектепті тастауына тура келді. Ендігі оның білім алып, болашағын айқындауға оқытушы-еріктілер көмектесетін болады.
- Ата-анам мені мектепке жібере алмайды. Өйткені отбасымызда бала көп. Пәтер жалдап тұрамыз. Сондықтан анам тегін мектеп туралы естіп, бірден мені сонда жіберді. Маған әсіресе урду тілін оқыған ұнайды. Болашақта әскерге барып, отан алдындағы міндетімді атқарғым келеді, - дейді мектеп оқушысы Шагуфта Нафис.
- Бұл жер біраз шулы. Айтқандарымды оқушылар естімей жатады. Балалардың көбі көшеде қайыр тілеп жүргендер, жартысының отбасылық жағдайы тым төмен. Алайда, бәрінің оқуға деген ынтасы зор. Оларды болашақта табысты күндер қарсы алу үшін біз барымызды саламыз, - деді оқытушы-ерікті Сана Риаз.