Өмірдің ащы шындығын көгілдір экраннан алғаш көруім...

/uploads/thumbnail/20171023142442407_small.jpg

Бүгінгі заманның көрінісі қандай? Сіз білесіз бе? Бұл сауалға «Иә» деп жауап қататын боларсыз. Көргеніміз қиындық, таршылық, ақша жоқ, жағдай жоқ, айлық аз, жанармай тапшы тағысын-тағы мәселеңізді жалғастыра берерсіз... Бірақ, ештеңені де көрмегеніңізді білсеңіз ғой. Қоғамның қандай әділетсіз екенін, заңның қарапайым адамдарға жүрмейтінін, бұл өмірде бәрін қалталы дөкейлердің ғана ұстап тұрғанын сіз білетін бе едіңіз? Теледидар арқылы, жаңалықтар арқылы біліп, естіп жүрміз деп ойлайтын шығарсыз, бірақ көргеніміз бен білгеніміз оқиғаның бер жағы ғана. Тереңінен үңілуді ойламаған екенбіз, ойламаған екенмін...

Мен Қайрат Нұртастың өнерін мойындайтындардың қатарына жатамын. Небәрі 18-інде үлкен сахнаны бағындырып, көрерменнің жүрегін жаулай білген талантты жан деп танимын ол әншіні. Ән айтып жүрген еді, бірде киносы да шығады деген хабарды есіттік. «Өкініш» деп аталады, әрі өмірінен алынған дегенді білген соң талантына ерекше тәнті мен де қалыспай жетіп бардым. Несі керек, «Өкінішін» көремін деп өкініп қалғанымды жасырмаймын. «Ән айтып жүре беру керек еді ғой, несі бар еді кино түсіріп» деп ойладым көңілім қалып. Арада бірнеше жыл өтті, сүйікті әншімнің берілер түрі жоқ. Тағы бір киносын жарыққа шығармақ екен. Жоқ, бұған бармаспын, екінші мәрте көңілім қалса, Қайрат Нұртасты мүлдем тыңдамай кететін шығармын деген ойда болдым. Сөйтіп жүргенімде, фильмге деген оң пікірлерді естідім, тіпті Қайрат Нұртастың өнерін мойындамай жүргендер бұл жолы әншіге ерекше ризашылығын танытып жатты. Оның үстіне, көптен бері көзден жасырып жүрген әйелін жарыққа шығарды емес пе?! Не де болса, барайын, көрейін дедім... Көрдім, өмірдің шындығы, қоғамның келбеті, біз білмей, естімей жүрген өмірдің қара беттері – бәрі-бәрі 1 жарым сағатта көз алдымнан өте шықты.

Көз алдыма қанша адамның жанын қиып, тірілердің обалына қалған, сонда да бостандықта тайраңдап жүрген байбатшалар елестеді. Көз алдыма зорланып, қорланып, өмірінің тас-талқаны шыққан, алайда істерге амалы жоқ қазақтың қарагөз қыздары елестеді. Ал солардың өмірін ойраңдаған азғын әлі күнге дейін әрекетін жалғастырып келетінін ойласам, жаным шарасынан шыға жаздайды. Неге әлі өз әрекеттерін жалғастырып келеді? Себебі, қалтасының қалыңдығына, әкесінің беделіне, фамилиясына сеніп қалғандар. Әр адамның құқығын қорғауы тиіс заң да сол бір фамилияға бағынады. Сол бір фамилия бірнеше адамның аузын бекітіп, көзін жауып, құлақтарын керең етіп қояды. Көпке топырақ шашудан аулақпын, алайда бұл да бір шындықтың көрінісі екенін мойындамасқа болмас.

Ал қарапайым адамның құқығын кім қорғамақ? Бір қыздың зорланғаны – қоғамның масқарасы, елдің масқарасы, соған көз жұма қарап отырған әрбір адамның масқарасы. Кінәсіз бола тұра әлсіз адамның жазықсыздан жазықсыз сотталуы, айыпты деп танылуы, абақтыда жатқаны – билікке сын. Дәл осындай жағдайлар біз өмір сүріп жатқан қоғамда, біз жер басып жүрген мемлекетте орын алып жатқанына налыдым. Міне, біз білсек те, көз жұма қарап отырған шындық осы. Қолымыздан келер шара жоқ, көнбеске амал жоқ деп үнсіз отырған біздің қоғам осындай.

Ал Қайрат Нұртастың командасы сол шындықты көрсетті, көрсете білді. Мұны залда отырған көрерменнің көз жасынан, алаңдап отырған көңілінен, біткен уақыттағы ұзақ шапалағынан байқауға болады. Әділетсіздік жайлаған заманда әділдікті орнату, орнауын талап ету біздің, қарапайым халықтың қолында. Аталмыш фильм мұны есімізге салды ойлана білген адамға.

Гүлім ЖАҚАН

Связанные Статьи