Қазақтың белгілі ақыны, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Астана-Бәйтерек-2006» әдеби байқауының жүлдегері Жәркен Бөдешұлының өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.
***
Гүлденген Алмұрт па екен,
Өрік пе екен?
Қайсысы болсадағы көрікті екен.
Байырғы бала күнгі қимасымдай,
Түбіне күніне бір келіп, кетем,
Сырласқан ақ терекпен қайың ба екен,
Тәңірім сұлулықтан айырма, сен.
Солардың қасына кеп айығамын,
Сарғайып санамменен уайым жесем.
Аралас тобылғы мен бүрген бе екен,
Көңілім көншімейді бір көрмесем.
Аралас тобылғы мен бүргендей боп,
Өмірім дүр-дүр етіп гүлдер ме екен.
Ағаштың әдемісі бақтарда екен,
Аунарсың жапырағын - мақпал десем.
Тел өскен қос шынардай сол бақтағы,
Ұлдарым үмітімді ақтар ма екен.
Тербелген шырша ма екен, шынар ма екен,
Көзіме көрінеді бұлар да әсем.
Мың жылдық шыршалар мен шынардай боп,
Өлеңім ұзақ жылға шыдар ма екен?
Көрінген долана мен ырғай ма екен,
Ырғай болса ырғалып тұрмай ма екен.
Ақындар табиғатқа ғашық болса,
Осылай термелетіп жырлайды екен.
Жыңғыл да,
Долана да көрікті екен.
Соларға еліктейін, еліктесем.
Ағашқа неге сонша құнығамын,
Әкеміз ағаш көрмей өліппе екен...
Жүрегіме
Бір жақсы өлең сұрады заман менен,
Өмірге - күш, беретін адамға - дем.
Сол өлеңді жүрегім, қимадың ғой,
Өкпем қара қазандай саған деген.
Құпиясы бей мағұлым талай жанға,
Айтылмаған сөз қапты Абайдан да.
Айтылмаған сол сөзді айтқызбадың,
Құлқың қатып, көңілің қарайған ба?
Ешкімге де жан едім жалынбаған,
Қақ жарылсаң жүрегім, жарыл маған.
Бояу қапты Пикассо қаламынан,
Әлі күнге кенепке жағылмаған.
Сол бояуды қайтемін таптырмадың,
Сезем онда баянды бақ тұрғанын,
Елеңдемей ел кезіп кетер едім,
Әттең шіркін, сай емес ат, тұрманым.
Жыр киігін жетем деп қуаладым,
Тердім қырда шашылған құмалағын.
Жігерім - құм, болды ғой намысым - тұл,
Неге өнермен басымды дуаладың.
Неге, неге сенімді жаулап алдың,
Саған сеніп жүрегім, тауға бардым.
Бас жүлдені алам - деп аламанда,
Шаршы топта бітіспес дауға қалдым.
Қайдағы бір аяз ой миым қарып,
Жын қуалап жүргенше тиын қағып.
Бүйтерімді білгенде әуел баста-ақ,
Сары далаға кетер ем сиыр бағып.
Бармасымды білесің құр айғайға,
Сауап қайда жүрегім, құдай қайда.
Тірі адамға қимайтын қолдағысын,
Туыстығың бар ма еді Шығайбайға.
Зікір салып басатын аптығымды,
Тым құрыса болмадым бақсы құрлы.
Күте-күте төрт болды екі көзім,
Енді қашан қиясың жақсы жырды.
Енді қашан, қиясың енді қашан,
Күз сарғайтып барады жерді жасаң.
Қанша сараң болсаңда ей, жүрегім.
Бермесіңді берерсің, мен жыласам.
Боз жорғадай тайпалған бір баппенен,
Ойларымды үмітпен ырғап көрем.
Қашан менің жазылар пешенеме,
Бір жақсы өлең, шіркін-ай, бір жақсы өлең.
Оставить комментарий