«Әлеуметтік және шығармашылық бастамалар жөніндегі «Керекті кадрлар» қоры» 24 қазанда Алматы қаласында дөңгелек үстел ұйымдастырды,-деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл отырыста бірнеше өзекті мәселелер талқыланған болатын: Елбасына ұсынылған қазақ тілінің жаңа әліпбиі, оның өзектілігі мен даму келешегі, жаңа жобаға тіл мамандары, филологтар мен тілді зерттеуші мамандардың берер бағасы мен олардың ұсыныстары.
Кеңес мүшелері, сарапшылар аталған тақырыпта өз пікірлерін білдірді. Қоғамдық кеңес мүшесі Қазыбек Шайх жаңа әліпбиді жасауға кететін қаржының босқа далаға шашылмай, ел экономикасында қалатынын айтты. «Соңғы айларда латын әліпбиіне қатысты көп пікір айтылып жатыр. Әсіресе, бұл бюджетке томпақ келеді деген сөз көп. Бірақ мен айтар едім, бұл аргумент сын көтермейді. Себебі, әліпбиді ауыстыруға біз доллар жұмсамаймыз, теңге жұмсаймыз. Теңгені өзіміз жасаймыз. Бұл ақшаға мыңдаған жұмыс орындары ашылады, кітаптар қайта басылып, қала аттары, карта атаулары өзгертіледі. Мұның бәрі өз отандастарымыздың игілігіне жұмыс жасайды», - деді Қ.Шайх. Экономистің айтуынша, қазіргі заманның адамы ақпараттың 80 пайызын интернеттен алады.
— Pulatova Zamyra (@PZamyra) October 24, 2017
«Сондықтан, осы уақытқа дейінгі білім қоры құрдымға кетеді деген бос сөз. Қазір мұндай кітаптардың электронды нұсқасы клавиатураның бір ғана белгісін басу арқылы дайын болады», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, латын әліпбиіне толық көшіп біту 2025 жылға дейін аяқталуы керек. 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін жаңа әліпбидің нұсқасы бекітіліп, латындандыру жұмыстары қарқынды жүргізілетін болады.
«Елбасына ұсынылған соңғы латын әліпбиінің нұсқасы әлі де өзгертіледі»,- А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Сансызсызбай Мәдиев мырза. Оның айтуынша, жаңа әліпбиге толықтырулар мен түзетулер жасағысы келген әрбір қазақстандық Тіл білімі институтына өз ұсыныс хаттарын жолдай алады.
Оставить комментарий