Ерлан Қарин: ұнатсақ та, ұнатпасақ та бұл латын әліпбиі үшін шешуші сәт

/uploads/thumbnail/20171026193019576_small.jpg

Бүгін, 26 қазанда Елбасы Президент Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбеков пен Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжинді "Латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің ұсынылған жобасын бекіту туралы" шешімді қабылдау  керектігін тапсырды. Естеріңізге сала кетейік, бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі жазған болатын. 

Осы кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің соңғы жобасы қызу талқыланып, қоғам тарапынан қолдау тапқанын атап өткен еді. Президент сөзінен үзінді келтірсек: 

"Латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің ұсынылған жобасын бекіту туралы жарлық шығару қажет. Комиссия жұмысын аяқтады. Соңғы нұсқа жарияланды. Ғалымдар, тілтанушылар, саясаткерлер, жастар және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері ортақ мәмілеге келді. Жалпы, қоғам қолдап отыр", – деді Қазақстан Президенті. 

Бұл нені білдіреді? Бүгінгі күнгі кездесу қоғамда қызу пікірталастар тудырған латын әліпбиінің тағдырын шешкен тарихи күн болғаны ма? Бұл сұрақтар бойынша, саясаткер, Ерлан Карин өз парақшасында пікірін білдірді: 

"Қалай болғанда да бұл шешуші сәт. Әрине, ұнататындар да ұнатпайтындар да болады, бәрінің көңілінен бірдей шығу мүмкін емес, оны талқылаудың барысында да көрдік. Бұрын айтқанымдай, бірде бір елде тіл реформасы, әліпби ауыстыру мәселесі осындай кең түрде талқыға салынбаған болатын. Дегенмен, қазіргі қабылданып жатқан шешім - еліміздің дамуындағы түбегейлі бетбұрыс. Тіпті бұл тәуелсіздікті иеленгеннен кейінгі тарихи маңыздылығы жағынан екінші үлкен қадам деп айтар едім. Себебі бұл біздің өркениеттік таңдауымыздың нақты көрінісі. Қалғаны өз қолымызда - бүгін латын әліпбиінің қабылдануы ертең ақ бірден оның қолданысқа енгізілетінін білдірмейді. Алда 8 жыл қыруар жұмыс күтіп тұр. 2025 жылға дейін ережесі, әдістемесі дайындалады. Сондықтан, қалғанын ғалымдар асықпай, тиянақты сараптап жасар. Ең бастысы, негізгі бағыт айқындалды!" -деді ол. 

Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, "қазақ әліпбиін латын қарпіне кезең-кезеңмен және жүйелі түрде көшірудің маңызы зор". Латын әліпбиінің соңғы ұсынылған жобасы мақұлданғанға ұқсайды. Дегенмен, келер уақытта бұл мәлімдеменің растығына әлі де көз жеткізу керек. 

Связанные Статьи