Қазіргі ақпараттық технология заманында интернет, теледидар адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Қажетті де қажетсіз де ақпаратты осы екі ақпарат көзінен аламыз. Оның ішінде тек жаңалықтар ғана емес, концерт, теле хикая, фильм мен түрлі бағдарламалар арқылы бей саналы түрде өмірге деген көзқарасымыз қалыптасып, мәселені дұрыс бұрыс деп сұрыптаймыз. Көгілдір экраннан көрсетілетін қаптаған телевизиялық жоба мен интернеттегі миллиондаған ақпарат адамның ойлау қабілетіне әсер етпей қоймайды. Мәселен, фильм немесе теле хикая түсірілген жергілікті халықтың менталитеті, қоғам ұстанымы, түсінігі бойынша сценарий жазылады, оқиға өрбиді, кейіпкерлердің мінезі суреттеледі.
Батыс мәдениетінің қазақ халқының менталитетінен айырмашылықтары бар екені айдан анық. Онда қазақ тәрбиесіне жат түсініктер аз емес. Жылды жылға соғып сағызша созылған шетел теле хикаялары қараны ақ деп көрсетіп, қазақ ұстанымына кереғарын дұрыс етіп көрсететіні жасырын емес. Ұлттық ұстанымы мықты, қазақи тәрбиесі терең адамдардың өзі, әсіресе оң мен солын танымаған жастарға көгілдір экрандағы теле хикаялар тасқа тамған тамшы секілді адам миына өз ұстанымдарын сіңдіре береді. Соңында тасты жарған тамшыдай болып, адам миын әбден улайды. Соның нәтижесінде, ішімдік ішу, шылым шегу, қыздардың тым ашық киінуі, отбасылы бола тұра өзгеге көз салу, өтірік сөйлеу, отбасындағы кикілжіңге шыдамай отбасын тастап кету, «сүйіп қалдым», «махаббат» деген желеумен жолдасының көзіне шөп салу қалыпты дүниеге айналады.
Теледидар мен интернеттегі толассыз келіп жатқан ақпараттар легі адамның қалай өмір сүріп, не жеп, не ішу керектігін, қайда барып, немен айналысу қажеттігін үйретеді. Сәнді қалыптастырады. Қоғамды өз мүддесіне орай талқылауы тиіс тақырыптарды жел бағыты секілді өзгертіп отырады. Қалың бұқара сол бағыт бойынша жүреді. Жекелеген адам «бұл – менің ішкі түйсігімнен туындаған толқыныс. Менің жеке пікірім» деп ойлауы бек мүмкін, алайда мұның барлығы астарлы түрде оған бей саналы түрде теледидар, интернет секілді пәтшағарлардың таңып отырғаны қаперіне де кіріп шықпайды.
Алысқа бармай-ақ әлеуметтік желіні алайық. Бүгінде интернетте жеке парақшасы жоқ адам кемде кем. Әлеуметтік желідегі жалаңаш қара көз қыздар мен ішімдікке сылқия тойған қазақ жігіттерінің түскен фотолары мен видеоларының көбейді. Әлеуметтік желіде жалаңаш денесімен, шылым шегіп, ішімдік ішкенін ашық көрсеткен осылайша желі «жұлдызына» айналғандар жетіп артылады. Ең қызығы мұндай «жұлдыздарды» желі қолданушылар қолдайды. Олардың әрекеттерін батырлыққа балайды. Қоғамдағы ар, ұят, абыройды сақтауды тар қапасқа, адамның өзі-өзі шектеуі деп түсінеді. Ар, ұяттан аттағандарын және оны ашық көрсеткендерді батыл адам ретінде қабылдайды. Жартылай жалаңаш түскен фото мен видеоларға «Жарайсың» дегенге саятын пікір қалдырады. Ағалық ақылын айтқандарды парақша иесін қызғанасың деп айыптайды. Әр адам жеке парақшасына қандай сурет салып, не жазатынын өз бетінше шешуге толық құқылы. Менің айтпағым интернет пен теледидардың санаға әсер етуі мен оның ұлттық болмысты сақтаудағы қауіпті көрсету. Мұның барлығы адамға жат мәдениетті сіңірудің салдары. Ол үшін интернет, телеарнаны қол шоқпар ретінде пайдаланатыны жасырын емес. Мұның барлығы сайып келгенде халықты тобырға айналдыру... Терең әрі өздігінен ойлау қабілетін жою... Қоғамдық маңызы бар мәселелерге бас қатырмау...
Жаһандану – тоқтатуға келмейді. Бүкіл әлем жаһандану заманында өмір сүріп жатыр, ары қарай да өмір сүре бермек. Осынау технология мен ақпараттық заманда халық жаңашылдыққа бет бұрары анық. Ол өздігінен болатын құбылыс. Тек жалт-жұлт еткеннің барлығы шын мәнінде көркем емес екенін түсініп, қажеттісін алып, қажетсізін ысырып тастау керек. Себебі, қазіргі ұрпақты тамырынан ажыратып, жаңашыл көзқарас деген желеумен ұлттық болмыстан айырылу қатері тұр. Әр үйдің төрінде ойып тұрып орын алған теледидар мен еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін қызықтаған смартфон, интернеттің шырмауынан аман алып қалу тек – білім алу, кітап оқу, ұлттық тәрбиені сіңіру. Ғылым, терең әрі өздігінен ойлау қабілет пен ұлттық намыс бар жерде жат түсініктер мен жат мәдениет, теріс түсініктің мықтап санаға енуіне қауқары жетпейді.
Әсем Әлмұханбет