Бүгін «SILK WAY STAR» қатысушылары мюзикл әлеміне саяхаттайды

/uploads/thumbnail/20171104121127311_small.jpg

Тоғыз елдің намысын арқалап келген кіл мықтылар «SILK WAY STAR» тележобасының келесі кезеңіне дайындықтарын жалғастыруда. Үміткерлер алдағы сенбі күні көрермен жүрегін әлемдік мюзикл жанрындағы тамаша туындылармен жауламақ. Сонымен қатар, ән байқауына қатысушылар жанкүйерлеріне арнайы тосын сый әзірлеп қойды. Танымал әншілер музыка әлеміне жасаған алғашқы қадамдары жайлы сыр шертіп, балалық шаққа саяхат жасайтын болады. Сондықтан «QAZAQSTAN» Ұлттық телеарнасын сенбі күні 21:20-да қосып, эксклюзивті сұхбатты өткізіп алмаңыздар,- деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Мюзикл кеші құлақтан кіріп бойды алар әндерге толы болары хақ. Башқұртстан өкілі Ян Лира көрерменді жантебірентер танымал ағылшын әнімен тәнті етпек. Әзірбайжандық Эфенди өз кезегінде ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап әлемдік музыканың төрінен орын алған әншілердің туындысын орындауға бел буды. Грузия елінен келген Темо осы жолы Тбилисиге емес «Нью-йорк» қаласына саяхат жасауға шақыратын болады. Түркиялық Фулин әнін асыл тастарды жақсы көретін қыздарға арнап, мерекелік көңіл күй сыйламақшы. Ал Тәжікстан елінің сенімін арқалап келген Сафармухаммад ғажайып шығыс ертегілер әлеміне оралуды шешті. Татарстанның Малика есімді әншісі өткен ғасырдың сұлулар образын сомдайды. Қырғыстандық Омар, Қазақстан намысын қорғап жүрген Айқын және Өзбекстан өкілі Саида  алдағы сенбіде тікелей Парижге жол тартуды жөн көрді.

Тосын сыйлар мұнымен шектелмейді. «Silk way star» сахнасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері өнер көрсетеді. Кім екенін, алдағы сенбі біле жатарсыз. Бізге тек, қатысушылардың барын салып, керемет шоу жасауға сақадай сай екендігі белгілі.

Естеріңізге сала кетейік, «Silk way star» тележобасы қыркүйек айының отызы күні басталған еді. Халықаралық музыкалық байқауға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркия, Әзірбайжан, Грузия, Татарстан және Башкұртстан елдерінің әншілері қатысуда. «QAZAQSTAN» Ұлттық телеарнасының бірегей жобасы Ұлы Жібек жолы халықтарының мәдениетін ұштастырып қана қоймай, өскелең ұрпақтың талғамын гүлдендіруге септігін тигізері хақ. Аптаның сенбісінде 21:20-да қатысушылардың орындауынан ләззат алып, қызықты сұхбаттардан құр қалмаңыздар. 

Связанные Статьи