Сенбі күні Орал шаһарындағы Тәуелсіздік алаңында "Дәстүр" атты мәдени- көпшілік шара өтті. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында "Ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрімізді алдағы өркендеудің берік діңі етіп алып, болашаққа сеніммен бет алып, алға нық қадам басу" қажеттігі туралы айтқан болатын. Осы жоба аясында жас ұрпақтың санасына патриоттық сезім ұялатып, ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған шараға халық көп жиналды. Мәдени шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов арнайы келді.
- Бүгінгі шара - Елбасымыздың "Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар" бағдарламасының аясында өтіп жатқан этностық шаралардың бірі. Ата-бабамыздан мұра болған игі дәстүрімізді жастардың санасына сіңіруді мақсат тұтады. Өсіп келе жатқан жас ұрпақ ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді заман талабына сай қолданып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізсе дейміз, -деп сөзін сабақтаған Арман Кәрімұлы ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын мұндай мерекенің алдағы уақытта да тұрақты түрде өтіп тұратынына сенім білдірді.
Ән мен жыр төгіліп, ұлттық салт-дәстүріміз көрініс тапқан шарада өңіріміздің орта, жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары белсенділік танытты. Тәуелсіздік алаңында әр аудан мен Орал қаласының тұрғындары ақ шаңқан киіз үй тігіп, ұлттық салт-дәстүр бойынша көрініс көрсетіп, келген қонақтарға қазақтың әдет-ғұрыпмен қонақжайлылық танытты. Мерекеде ұлттық қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, ұлттық ойындар ойналды. Қадыр Мырза Әли ескерткішінің маңында Ақ Жайықтың ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгереева бастаған өңіріміздің ақын-жазушылары жастармен жүздесіп, тағылымды әңгімелер айтты.
Ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді жұртшылық назарына ұсынған жарасты шара қалалық, облыстық өнер ұжымдарының концертіне ұласты.
Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ