Оралдың «Шапағатындағы» бөбектердің күндері  шырайлы өтуде

/uploads/thumbnail/20171109180045848_small.jpg

 

Орал шаһарындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған "Шапағат" арнаулы әлеуметтік қызмет орталығы 2009 жылы ашылды. Бір қарағанда біртоға, бірқалыпты көрінетін мекеменің де өзіне тән тыныс-тіршілігі бар. Мекеменің арнайы көліктері таңғы сағат  сегізден бастап  мүмкіндігі шектеулі балғындарды алып келеді екен. Осы сәттен бастап орталықтағы  "Таңшолпан", "Айналайын", "Еркетай" топтарында жұмыс қыза бастайды. Ең алдымен,  бөбектер таңғы асын ішеді. Содан соң, олардың көңілін көтеру үшін мамандармен бірге жеңіл жаттығулар жасалады. Мекемедегі арнайы мамандар әр баламен кесте бойынша  жұмыстанады.  Ауа  райы жақсы кездері таза ауада серуендеп, түрлі ойындар ұйымдастыруда. Мекеме ауласында да бар жағдай жасалған. Түскі ас кезі де қарбаласқа толы.  Бөбектер тамақтанған соң жуынып,  түскі ұйқыға жатады. Алғашында тамақ ішуді,  дұрыс отырып,  тұруды білмейтін балалар өзі сияқты балаларға қарап, бой түзей бастайды. Түстен кейін жоспар бойынша тәрбиешілер  тәрбие сағатын өткізеді екен.    Кешкі   сағат алтыда балаларды мекеме автобусы үйлеріне жеткізіп тастайды. Қызмет алушы бүлдіршіндердің өз-өзіне  қызмет ету дағдыларын қалыптастырып, жеке даму деңгейін арттыру арқылы ата-аналарының жұмысқа орналасуына мүмкіндік туғызу, жанұя мүшелеріне моральдық-психологиялық  көмек көрсету - мекеменің басты міндеті болып табылады. Бұл  жерде 1,5-18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауытқулары бар және тірек қозғалыс аппараты бұзылған балалар қызмет алуда. Бұл  орталық  оларға  халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартына сәйкес әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық бағытта қызмет  көрсетуде.

Дүние есігін ашпай жатып, тағдыр тәлкегіне ұшыраған бүлдіршіндердің өз ортасына  ертерек бейімделуі үшін  мекемеде арнайы мамандар қызмет атқарады. Арнайы педагогтар, тәрбиешілер мен психолог мамандары қызмет алушыларға педагогикалық-психологиялық диагностикалық зерттеулер жүргізеді. Зерттеу нәтижесінде балалармен жүргізілетін коррекциялық түзете-дамыту жұмыстарының негізгі бағыттары анықталып, балалардың  өз-өзіне қызмет етуі мен қимыл-қозғалысын дамыту, сенсорлық дағдысын қалыптастыру бағытында жұмыстар жүруде.  

Балалар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарты мен ауыр,  күрделі дәрежедегі ақыл-ойы кеміс балаларға арналған түзете-дамыта оқыту бағдарламасы бойынша стационарлық жағдайда қызмет алуда.  Бағдарлама балалардың  заттарды қабылдауын, сөйлеу тілін, сенсорлық қабілетін, моторикасын  дамыту, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау бағытында  құрылған. Осы мақсатта мекемеде заманауи құрылғыларымен жабдықталған емдік дене шынықтыру залы, сенсор,  логопед, дефектологтардың кабинеті жұмыс жасайды. Мәдени, мерекелік және спорттық іс-шаралар спорт залда, демеушілердің көмегімен салынған мекеме ауласындағы жабық беседкада  өтеді.

Жыл санап мүмкіндігі шектеулі балаларға деген қоғамның көзқарасы өзгеріп келеді. Елбасы Н. Ә. Назарбаев  «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық көрсетілуі тиіс. Бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз» деп атап көрсеткен еді.    Осы бағытта  мекемеде түрлі мерекелік шаралар мен түзете-дамыту жұмыстары жиі жүргізілуде.

"Шапағат" орталығындағы мүмкіндігі шектеулі бөбектердің  әр күн мағыналы әрі көңілді өтуде.

 

Гүлім АҚАП,

Батыс Қазақстан облысы

Связанные Статьи