Алматыда қала әкімі Бауыржан Байбек пен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі ғылыми білім беру және мәдени-ағартушылық көрме жобасының ашылуына қатысты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның іс-шаралары Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Күні және Тәуелсіздік күні мемлекеттік мерекелеріне орай жүзеге асырылады.
Еліміздің астанасын көшірген сәттен бері 20 жылдың ішінде алғаш рет Мемлекет басшысының Жеке архиві, Жеке кітапханасы және Музейі қорының зерттеу нәтижелері мен материалдары Алматы қаласының қалың жұртшылығының назарына ұсынылып отыр.

Келушілердің назарына кітапхананың архиві, кітап, музей қорларының сирек жәдігерлері, Елбасының жоғары мемлекеттік марапаттары, Құрандар коллекциясы, өзге мемлекет басшыларының қолтаңбасымен кітаптар, Н. Назарбаевтың шет тіліндегі кітаптары қойылды.
Жоба аталмыш көшпелі қор көрмесінің салтанатты ашылу рәсімінен басталды. Көрменің негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Тәуелсіз Қазақстан тағдырындағы рөлін мұрағат құжаттары мен жәдігерлер арқылы жүйелі түрде кеңінен көрсету болып табылады.
Көрменің ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Президенті Кеңесінің бастығы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек сынды беделді азаматтар қатысып, сөз сөйледі.
Бүгінгі көрмеге Астанадағы Елбасы музейінен 800 түпнұсқа қолжазба, суреттер және жеке заттары әкелінді.
«Алматы – Мемлекет басшысының тұлғасымен тікелей байланысты қала. Мұнда Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып жарияланды, Конституция қабылданды, Мемлекеттік рәміздер бекітілді, Ұлттық валюта енгізілді. Сондай-ақ, Қазақстан Президентінің тұңғыш сайлауы, алғашқы ұлықтау рәсімі болып өтті. Сондықтан, Елбасы күні қарсаңында мұндай ауқымды шараның өтуі – алматылықтар үшін үлкен мәртебе», - деді қала әкімі Бауыржан Байбек.

«Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы үшін тарихи күн. Себебі, алғаш рет Елордамыз Алматы қаласынан Ақмолаға ауысқаннан бері құнды деректер жүйеленіп, арнайы көрмелік жоба ретінде алматылықтарға және қала қонақтарына ұсынылып отыр. Төрт тақырып бөліктегі ұсынылған Тұңғыш Президент музейінің, жеке кітапханасының, жеке мұрағатының жәдігерлері келушілерге қалыптасқан Тәуелсіздік тарихымызбен қатар сол Тәуелсіздіктің басты жауапкершілігін өз мойынына артқан Елбасы өмірбаянымен және сыртқы, ішкі саяси қызметімен тереңінен таныстыратын болады. Бұл – алғашқы көрмелік ауқымды жоба.
ҚР Тұңғыш Президент музейі мен Елбасы кітапханасы 2016 жылғы 4 қарашадағы Елбасының жарлығы бойынша бірігіп, қазіргі уақытта бірлескен Тәуелсіздік тарихымызды жан-жақты зерделеу және көпшілікке, әсіресе, жастарға жария ету қызметін жалғастыруда. Жалпы, көшпелі көрмелерді ұйымдастыру тәжірибесі осы күнге дейін кәсіби түрде қалыптасқанымен, ауқымды, жүйелі, сонымен қатар ішінде ғылыми семинар-конференциялары бар жоба алғаш рет ұйымдастырылып отыр», - дейді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директор орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Қайыпова Ботагөз.
Белгілі болғандай, көшпелі көрме Алматыда екі ай уақыт тұрады да, кейін Қарағанды мен Шымкент қалаларына кетеді екен.
Сонымен қатар, Мәдениет министрі мен қала әкімі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел дамуындағы рөлі жайлы өтетін ғылыми практикалық конференция жұмысына қатысады.