Орал қаласындағы Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Кітап оқитын отбасы - ғасыр үлгісі» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды. Кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен бұл кешке Баймұратовтар, Елеусін, Қайриден, Қауынбаевтар, Литвинчуктердің отбасы қатысты.
Кітапханаға үнемі жанұясымен келіп, кітап оқитын аталмыш отбасының балалары бұл шарада ән айтып, өлең оқып, қойылым көрсетіп өз өнерлерін ортаға салса, үлкендері кітапхана қызметкерлеріне ақ тілектерін жолдады.
-Бұл жанұялар көпке үлгі, қандай құрметке де лайық. Балаларды кітап оқуға баулу, әдеби шығармаларға қызықтыру — ана-ананың негізгі міндеті. Өйткені, кітап арқылы баланы тәрбиелеудің маңызы зор. Оқулық баланы көркем ойлауға үйретеді, сөздік қорын молайтады, ойының ұшқыр болуы үшін де септігі көп. Кітап — ол дос, жұбатушы, басшы, біздің түсініксіз және белгісіз болып қалған ойымыз бен сезімімізді қалыптастыруға көмекші. Кітап өзінің мазмұнымен нәр татқызып, рухани қолдау беретін дүние. Қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылар Мұзафар Әлімбаев, Әнуарбек Дүйсенбиев, Бердібек Соқпақбаев, Қаржаубай Омаров сынды қаламгерлеріміздің кітаптары баласы бар әрбір үйден табылуы керек деп ойлаймын. Одан бөлек, бүгінде балаларға арнап сүбелі дүниелер жазып жүрген авторлар да жетерлік. Әрбір үйде бірнеше кітап қорынан тұратын кітапхана болғаны дұрыс. Ата-анасы кітапты көп оқитын баланың да оқуға деген қызығушылығы тез оянады. Жалпы кітап оқу – адам миы үшін айрықша жаттығу. Түрлі шығармалардың ішіне ойша ену — адамның елестету, қиялдау мүмкіндігін арттырады. Бұдан адамның физикалық және психикалық жай-күйі жақсарады, - дейді кітапхана қызметкерлері.
Емен-жарқын өткен кездесу оқырмандарға рухани әсер сыйлады.
Гүлім АҚАП,
Батыс Қазақстан облысы