Өнерлі отбасын қолдау бағытында ҚР Мәдениет және спорт министрінің көркемөнерпаздар ұжымдарына Халықтық (үлгілі) атақтарын беру туралы бұйрығы шыққан болатын. Осы бұйрыққа сәйкес Батыс Қазақстан облысының 32 көркемөнерпаздар ұжымы «Халықтық» атағын алған болатын. Солардың бірі және бірегей оралдық Биғалиевтар отбасылық ансамблі еді.
Аталмыш отбасы өткен жылы «Мерейлі отбасы - 2016» байқауында облыстап топ жарып, өнерімен,өнегесімен бірінші орын алған еді. «Ансамбльді осыдан отыз жылдай уақыт бұрын әкем Марат Қалиұлы ұйымдастырған болатын,-дейді аталмыш өнер ұйымының әншісі Арман Биғалиев. Арманның әкесі Марат пен зайыбы Нұржамал да өнері адамдары. Марат аға Қазталов ауданының Қошанкөл ауылында туып, сонда еңбек жолын бастап, үш ұл, үш қыз тәрбиелеген жан. Отбасылық ансамбльдің құрылғанына биыл отыз жылдан асқан. Ұл-қыздары негізінен әр түрлі салада қызмет етсе де, ата-анасы баулыған өнер жолынан алыс кетпеді. Ансамбль еліміздің қалаларында ғана емес, Ресейдегі Саратов облысының Новоузенск, Энгельс аудандарында жеке концерттерін жиі өткізіп тұрады.
Биғалиевтер отбасы әр күн сайын бас қосып, алдағы байқауға дайындықтарын пысықтайды екен. Өз өңірінде 26 отбасының арасынан үздік шыққан болатын.
- Бірінші орын алу бұл жеңілдікпен келген жоқ. Біз 30 жыл бойы жанұялық ансамбль құрып, содан бері қарай міне еңбекпен сахна төрінде жанұямызбен ән шырқап келеміз. «Отан – отбасынан басталады дейді. Қандай үлкен болсын, ол шағын мемлекет – отбасынан басталады. Шағын мемлекеттің іргетасы мықты болса, біздің еліміздің де іргетасы мықты болады. Шаңырақтың уығы, керегесі мықты болса кез келген қиындықты жеңіп шығады, -дейді отағасы Марат Биғалиев.
Ал ұлы Арман Биғалиев те шаңырақтағы өнер де, үлгі-өнеге де ана сүтімен, ата тәрбиесімен дарығандығын айтады.
-Ол кезде әкем, анам, үшеуміз болдық. Соңынан екі інім мен үш қарындасым қосылды. Бүгінде балаларымыз тартылып, қазіргі уақытта ансамбльдің құрамында он бес шақты жан өнер көрсетуде. Біз құрылғаннан бастап түрлі мәдени шараларға қатысып, өз ауылымызға, көрші ауылдарға, аудан орталығына, тіпті Ресейдегі қандастарымыз қоныстан ауыл-аймақтарға барып тегін концерттер қойдық. Сөйтіп ел тәуелсіздігінің елең-алаң шағындағы қиындық кезде халықтың рухын өнермен көтеруге атсалыстық,- дейді кейіпкеріміз.
Өткен жылы олар Қошанкөлдегі «Бірлігі жарасқан отбасы» деп танылды. Енді бұл бағыттағы аудандық, облыстық сайыстарға қатысып тұрады. Өнегелі жанұя мүшелері бір-бірін демеп, бойындағы талантын, қарым-қабілетін ұштап, ынтымақ, татулықпен зор жетістіктерге жетуі – тынымсыз еңбектің арқасы. Мұндай өнерлі отбасы – ел ырысы, қоғамға үлгі. Биғалиевтер әулетінде отағасы Марат отбасының асқар тау тірегі болса, отанасы Нұржамал – жанұя шуағы, «Күміс алқа» иегері.
Биғалиевтар отбасылық ансамблінің репертуарында халықтық және түрлі ұлт өкілдерінің әндері мол. Сондай-ақ жергілікті сазгерлердің де шығармаларын орындайды. Олардың арасында осы ансамбльдің мүшесі, жас сазгер Айнұр Биғалиева жазған әндер де бар. Айта кетейік, Айнұр Маратқызы осыдан үш-төрт жыл бұрын «Менің арманымдағы қала» атты облыстық жас сазгерлер байқауында 1-орын алған болатын. Негізінен ол туған жерге арналған шығармаларға әндер жазады.
Халықтық атағын алып, қанаттанған Биғалиевтер отбасылық ансамблі алдағы уақытта да жерлестерін өнерлерімен сусындатып, ауыл мәдениетін көркейтуге өз үлестерін қоса бермекші.
Гүлім АҚАП,
Батыс Қазақстан облысы