Жуырда Орал қаласындағы Достық үйінде «Қазіргі қоғамдағы отбасы және отбасы құндылықтарының маңызы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Соңғы жылдары ерлі-зайыптылардың ажырасып, отбасылардың бұзылуы жиілей түсті. Осыған орай шара барысында қыз баланың тәрбиесі, ер адамның міндеттері, отбасы мүшелерінің рөлі секілді тақырыптар аясында баяндамалар оқылды.
– Бүгінгі шараның мазмұны ерекше. Отбасы - қоғамның байлығы. Қазақста «Үйлену – оңай, үй болу - қиын» деген мәтел бар. Үлгілі отбасы – жарасымды жұптан шығады. Отбасындағы ата-ананың бір-бірін түсініспей ажырасуынан көбіне перзенттері моральдық зардап шегеді. Осы орайда бүгінгі шараның маңыздылығы зор. Бұл басқосуға толық емес отбасылар, жалғызбасты аналар секілді арнайы топ мүшелері және олармен тікелей байланыста қызмет істейтін ювенальді полиция инспекторлары, прокуратура қызметкерлері, психологтар қатысып отыр. Баршамыз бірігіп отбасы жағдайындағы өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешімін тауып, алдын алуға тырысамыз. Әрбір шараға қатысушы отбасы құндылықтары жөнінде ой түйеді деп сенемін, - дейді «Ақ отау» отбасы орталығының төрағасы Алтынай Есқалиева.
Қоғамдағы тұрмысы төмен отбасыларда тәрбиеленіп жатқан жеткіншектердің жағдайы ерекше алаңдатады. Полиция қызметкерлерінің мәлімдеуінше жағдайы нашар 74 жанұя тіркеуде тұр. Ал 118 бала аталған отбасыларда тәрбиеленуде екен. Ішімдікке үйір болып, еш жерде жұмыс жасамайтын ата-аналардың мәселелері арнайы комиссияларға ұсынылып, әкімшілік жауапкершіліктерге тартылуда. Құзырлы органдар олардың қызметке орналасуына жәрдемдескенімен, оң нәтиже бермей отырғанын айтады мамандар.
– Сонымен қоса мас күйінде анасы баласын ұрып-соққан жағдайлар да кездескен болатын. Ата-анасынан қорыққан баланың үйінен қашып кету фактісі тіркелді. Осыған орай ҚР Қылмыстық кодексінің 142-бабы, 2-тармағы бойынша іс қозғалып отыр, - дейді Орал ҚІІБ ювеналдық полиция бөлімінің аға инспекторы Ақмарал Жайлығұлова.
Гүлім АҚАП,
Батыс Қазақстан облысы