Жастар мәдениет үйінде «Ақ отау» отбасы орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Бақытты отбасы» мерекелік шарасы өтті.
Мерекелік шараға қалалық мәслихат депутаты., Ж. Досмұхамедов атындағы педаггикалық колледждің директоры Шалқыма Құрманалина қатысып, отбасы құндылығы – мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі екенін атап өтті.
-Ата-ана - тәрбие өнегесі, сондықтан «Ата көрген-оқ жонар, ана көрген -тон пішер» деп қазақ мақалы тегін айтылмаған. Отбасының басты қазығы, алтын діңгегі - бала. Баланың тәрбиелі жан-жақты болып өсуіне берекелі, өнегелі, ынтымақты отбасының ықпалы мол. Қоғамымыз үшін аса маңызды мәселе - отбасылық құндылықтардың сақталуы мен дамуы, отбасы абыройының арттыру, сапалы ұрпақ өсіру, отбасылық мәдениетті дамыту. Осы орайда өтіп отырған шара болашақ ұрпақ үшін маңызды,- деді Шалқыма Хайроллақызы.
Шара барысында күміс, алтын той иелері мен жаңа шаңырақ көтерген жас отбасыға құрмет көрсетіліп, облыс басшысы Алтай Сейдірұлының атынан құттықтау хат табыс етілді.
– Бас қосқанымызға биыл 51 жыл толды. Бүгінде мәуелі бәйтеректей тамыр жайып, ұл-қызымыздан тараған немере-шөберелеріміздің қызығын көріп отырмыз. Жарты ғасыр бірге, тату-тәтті өмір сүріп жатқанымыздың еш сыры жоқ. Бастысы, әр шаңырақта бірлік, төзімділік пен сыйластық салтанат құруы қажет. Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді ұмытпай, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетіп, ұлағатты ұрпақ тәрбиелесе, ең үлгілі отбасы, міне, сол болмақ. Барша қауымды осынау тамаша мерекемен құттықтаймыз! – деді алтын той иелері Мереке және Дәмен Ахметовтер.
Дәл мерекелік шара күні шаңырақ көтерген жас жұбайлар – Нұрбол мен Әйгерім де бұл мерекені қолдайтынын, бақытты отбасы – ел бірлігі мен татулығының негізі екенін айтты. – Ұзақ жыл шаңырағының отын өшірмей, ота-сып келе жатқан аға буын өкілдеріне қарап, бой түзейміз. Алтын той иелерінің бүгінгі қуанышы бізге де жұғысты болсын. «Балалы үй – базар» деген. Көпбалалы жанұя атанып, еліміздің демографиялық ахуалына үлесімізді қосамыз деп сенемін. Отау тіккен күнімізде осындай құрметке ие болуымыздың өзін жақсылыққа балап отырмыз, – деді қалыңдық Әйгерім.
Сондай-ақ шарада 190 жылдық отбасылық дәрігерлік өтілі бар Әлібаевтар әулеті мен ұзақ жыл педагогтық қызмет атқарған Подольныйлар жанұяларына құрмет көрсетіліп, кеш соңы мерекелік концертке ұласты.
Гүлім АҚАП,
Батыс Қазақстан облысы