Тәуелсіздік жылдарында отбасылық-демографиялық саясат мемлекет дамуының стратегиялық бағыты ретінде бекітіліп, бұл саладағы келелі мәселелер кезең-кезеңімен түпкілікті шешімін таба бастаған еді. Ширек ғасырда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бәсекеге қабілетті ұлт, әл-ауқаты артқан отбасы, білімді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған сындарлы саясаты отбасылық саясатты жетілдіруге, ана мен баланы мемлекеттік қолдау бойынша бағдарламалық құжаттардың қабылдануына, осы бағытта тұтастай жүйенің құрылуына жол ашты. Игілікті істер нәтижесінде әрбір босағасы берік отбасы Отанымыздың баянды болашағының берік негізі ретінде орнықтырылды. Жыр сүлейі Сүйінбай Аронұлының «Ер жігіт ел-жұртының панасындай, Осы орайда жақсы әйел жалпы жұрттың анасындай» деген қанатты сөзінің жастар үшін тәрбиелік мәні зор. Өмірінен үлгі алатын жаны жайсаң жандар аз емес. Солардың бірі - Тасқала ауданының тумасы Раушан Сабырғалиқызы болатын.
Раушан Мусалимова 2011 жылы «Қазақстанның үздік адамдары» энциклопедиясына енді. ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне - 10 жыл», «ҚР Конституциясына - 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған болатын. Еңбек жолын зоотехниг болып бастаған ол өз ісіне тиянақты, жауапкершілікті сезінетін, ұйымдастырушылық қабілеті бар маман ретінде танылды. Ол аудандағы асыл тұқымды мал бағатын бөлімшені жеті жылдай басқарып, шаруашылықтың етті-жүнді кроссбред бағытындағы асыл тұқымды қой совхозы атануына өзіндік үлесін қосты.
Раушан - өте еңбекқор, жұмысты жақсы-жаманға бөлмейтін, әрдайым батыл шешім қабылдай алатын жан. Бойында тек қазақ қызына тән қасиет көп. Яғни ол ұяң, орынсыз сөз жарыстырмайды, сөзді орнымен тауып айтады, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты, мақал-мәтелді бір кісідей біледі. Үнемі ат үстінде жүретін адамға мұндай қасиеттер ана сүтімен, әке қанымен берілетіні аян.
Еліміз егемендік алып, бұрынғы басқару жүйесі ыдыраған өтпелі кезеңде Раушанға жауапты жұмыс жүктелді, ол 2,5 мың халқы бар Атамекен ауылдық округінің әкімі болып тағайындалды. Ол кездегі ауыл әкімінің басты міндеті халықты ауызбіршілікке, шыдамдылыққа шақырып, елдің болашағынан үміт күтіп, еңбек етуге жұмылдыру болатын. Раушан бұл қызметті де абыроймен орындап, сол ауылдың үлкен-кішісінің алдында құрметке бөленді. 2003 жылы аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне басшы болып тағайындалды. Біле білгенге бұл ауыр әрі жауапкершілігі көп қызмет болатын. Бірақ ол мойымады. Өзінің ізденімпаздығымен, тың ойларымен көзге түсті, 2004 жылы ауданда мүгедектер қоры құрылып, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында түрлі іс-шаралар ұйымдастыруды жүйелі жүргізді. Егде адамдарға арналған облыстық әлеуметтік интернатта және өңіріміздегі өзге де әлеуметтік-медициналық мекемелерінде тәрбиеленіп жатқан тасқалалықтарға барып, олармен емен-жарқын сөйлесіп, сый-сияпат жасау жүйеге қойылды. Қызметімен отбасындағы әйел, ана екенін ұмытпады. Оның жақсы қасиеттерінің бірі - атқарылған істерді әрқашан ұжымның, көптің еңбегі деп отырады. «Ұлық болсаң, кіші бол» деген осы.
Өзінің еңбекқорлығының арқасында біршама лауазымды жұмыстарды атқарып жүрген ортасында сый-құрметке бөленген Раушанның өмір жолы көпшілікке, соның ішінде жастарға үлгі болары сөзсіз.
Гүлім АҚАП,
Батыс Қазақстан облысы