Оның иісі өзгеше еді... Тал шыбықтай иірілген бітімі, нәзік келбеті мен осы келбетіне аса сай келмейтін жуандау дауысы әлі есімде. Даусы керемет еді... Бір қарағанда нәзік қыз дейсің, тілдескенде басқаша әсер... Сүйкімді нәзік қыз ілезде даусының сенімді ырғағымен баурап алатын.
Оны ойламайтын күнім де, түнім де болды десем- өтірік айтқаным. Барлығы сонау өткен күндер елесінде қалып қойса да, мен дәл осы естеліктердің бірін де әлемнің бар байлығына алмастырмас ем. Себебі онда – Жарқынай бар...
Алматының жаңбырлы кештерінің бірінде ұзын сонар кептеліс уақытында телефоным шырылдады.
— Алло, иә?
— Арман, қайдасың? Тездет!-дейді маған ашулы дауыс.
— Жолдамын. Алматының кептелсін білесің ғой..
— Айтпақшы, өзіңмен бірге мен айтқан нәрсені алдың ғой?
— О, Аллам! Есіме түскені қазір.... Қап, не істесем екен?
— Арман! Ақымақсың! Қалайша есіңнен шығады, осы сенің басыңда ақыл деген нәрсе бар ма өзі?-дейді телефонның арғы жағындағы дауыс. Жақын бауырымды күттіріп қойғаным үшін іштей өзіме риза емес едім... Барлығына кінәлі менің ойларым. Соңғы уақыттары көп ойланатын болып кетіппін.
-— Ренжіме, бауырым. Қазір үйге қайтып барып, алып келемін. Күт мені, -дедім де телефонды тастадым. Жол ержелерін дәл осындай қысылтаяң сәтте бұзуға болатын шығар дедім де көлік жылдамдығын 100-ге көтердім.
Алдымда кетіп бара жатқан «Хюндай Элантра» ары-бері өтіп менің жүйкеме тие бастады. Асығып келе жатқан маған жол бермей сес көрсетіп қояды-тағы..
«Қап бәлем, қазір саған көрсетем. Осыдан түсерсің қолыма...».
Менен сәл ғана қалып бара жатқан Элантра алдыма шығып, жолымды бөгеді. Онсызда кешігіп бара жатқан мен ашуға булығып газды басып кеп қалдым. «Қарғыс атқыр!!! Жетпегені осы еді!». Көлігімнің сол жақ терезесін жұлып кете жаздады ғой мынау..
Көліктен шықтым. Ол да тоқтады. Бірақ оның көліктен шығатын түрі жоқ. Кенеттен әлденеден сескенгендей тоқтап қалдым. Ашуым да, ызам да - бәрі сейіліп кетті. Әлдебір күш маған тоқтау қойғандай алдыға жылжуға шамам келмей, аяқ-қолым байланды. Арада бір минут өтер-өтпесте көлік ішінен орташа бойлы, ақ түсті күртеше киген шашы түйілген жылы жүзді қыз шықты. Күлімсірем келе жатты, алайда көзіме тіке қарамайды. Қорыққан болар дедім іштей.
Ал мен болсам, санаулы минуттар бұрынғы ашуымның қайда кеткенін түсінбей, енді бұл қызға өзімнің қаншалықты күйініп тұрғанымды қалай жеткізерімді білмей абыржып тұрмын.
Белгісіз қыз қасыма келді де:
— Кешіріңіз, асығып келе жатыр ем,-деді
Сіз өзі жүргізуші төлқұжатыңызды оқып алдыңыз ба?-дедім оған көзіне тіке қарауға тырысып. Көзін алып қашады. Бұл қылығына тіптен күйініп енді тағы бірдеңе дей бергенде, көз жанарымыз кездесті. Кездесті де, бір-бірімен ұзақ уақыт көрісті...
Шамамен 5 минуттың көлемі үнсіз тұрдық.
Маған салса, осы мөлдір көздерге мәңгі қарап тұра берер ем. Шынымды айтсам, осы сәтте уақыттың тоқтап қалғанын қалар ем. Үнсіздікті өмірімді 360 грудасқа бұрып әкеткен ақ күртешелі қыз бұзды:
— Құдайым-ай! Сен.. Сен.. Сен қайдан жүрсің?-деді ол жүзі бозарып.
— Көлікте отырған сен бе едің?-деймін оған.
— Амансың ба өзі? Қалың қалай?-деймін тағы дірдектеп..
Ол маған тіке қарайды да, көзін төменге түсіреді. «Мен оған 189 8-ге қалдықсыз бөліне ме» деген сияқты ойлануды талап ететін сұрақ қойғандай ұзақ үнсіз тұрды.
— Жарығым- ау! Мен сені іздедім ғой,-дедім шыдай алмай.
Жүрегім аузыма тығылып тап қазір тамағыма шығып дүрсілдеп тұрғандай сезілді. Тынысым тарылып, сөзге шамам жеткен жоқ. Он жыл жүзін көрмеген, аман-саулығын білмеген Жарқынайға ләм-мим деуге шамам келмей құшағыма қыстым.
«Күл болсын көк, жемірілсін жер, уайым жоқтың» халін кешіп, мен үшін уақыт тоқтап қалды. Жоспарларым мәнсіз, мағынасыз, маңызсыз болып кетті. Қалтамдағы телефон шырылы мені қиял әлемінен шындық дүниеге оралтты.
Жол жиегінде тұрған екеуміз айналадағы өмірді ұмытып кетіппіз. Осылай жалғаса беретін болса, МАИ қызметкерлері келіп осы бір тәтті шақты бұзатындай көрінді. Сондықтан барлығын басқаша шешуге тырыстым..
Бір сағаттан кейін Жарқынай екеуміз көлігіміз соқтығысқан жерден алыс емес жерде шәй ішіп отырдық.
Екеумізде де үн жоқ. Тек көздеріміз ғана бір-бірімен тілдесіп, сөйлесіп жатқан сыңайлы.
— Мен сені күттім,-деді ол кенеттен. Шынымды айтсам, өзіңнен кейін ешкімді шынайы сүйе алмадым.
Қуаным кеттім. 30 жылдық ғұмырымның дәл осы сәті мен үшін ең бақытты сәттердің бірі еді, бойымды билеген қуаныш пен бақытты, үлкен үмітті мектеп кезінен сүйіп, күткен махаббатым, өмірімнің мағынасы Жарқынайым бір сәтте үзіп жіберді.
— Жарығым, жаным Жарқынайым, ал мен сені қаншалықты сағынғанымды білсең ғой,-дегенше болмады.
— Мен тұрмысқа шықтым. Ұлымыз бар,-деді.
Баяғыда романтикалық суреттерден «Өзіңе үлкен бақыт сыйлай алатын адам бір сәтте өзіңді бақытсыз етуі мүмкін» деген сөздердің мағынасын түсіндім.
Мен Жарқынайды кінәлаған жоқпын, кінәлауға құқығым да жоқ еді. Себебі екеумізді тағдыр екіге айырғанда біз бала едік. Бір-бірімзге ғашықтық сертін берген жоқпыз, десек те бірге болатынымызға сендік. Алайда мен оны жоғалтып алғаныма өкіндім. Мектеп кезінде бес жыл бойы дос болған екеумізді тағдыр екіге айырды дейтінім: ол мектепті бітірген соң, бірден Астанаға көшті. Із-түссіз кетті. Сол кезде қоштасып та үлгермеген едік. Алайда мен оның маған деген кіршіксіз таза сезімінің өлмейтініне сендім. Іздедім, таныс-тамыр арқылы да байланысқа шықтым. Ол кезде әлеуметтік желінің де аса дамымай тұрған уақыты болатын. Естуім бойынша, ол шетелге кетіп қалған. Махаббатымнан айырылған мен, қатты күйзелдім. Осы уақытқа дейін оны ойламаған күнім болған емес. Себебі мен оны шынайы сүйген едім..
Осы ойларға шомып отырғанда оның әлсіз ғана:
— Кешір мені. Сені күте алмадым,-деген сөзін естідім. Мен сені әлі де сүйемін-деді сәлден соң.
-— Жұбайың қалай?- дедім айтқан сөзін естімегенсіп.
— Жақсы адам. Ұлымыз осы жазда екіге келеді,- дейді күлімдеп.
— Есімі кім?
— Расул
— Есімі мағыналы екен..
— Отбасын құрғандарыңа қанша уақыт болды?
-— Үш жылдан асты..... Өзің немен айналысып жүрсің? Қалың қалай, жалпы?
-— Жаман емес, Жарқынай. Жұмыс өз ретімен, балық шаруашылығына байланысты жеке бизнесімді дамытып келемін,-дедім де:
— Шынымды айтсам, ештеңе де жақсы емес. Өзіңсіз өткен күндер мағынасыз, мәнсіз болды. Осы уақыт ішінде бір өзіңді кездестірсем деген арманмен өмір сүрдім. Алайда, мен кешігіппін-дедім ішқұса болып.
Қынжылысым сондай ауыр еді, оның үнсіздігі ауаны тарылтып, азап шектірді. Орнымнан тұрып кеткім келді. Жарқынайымды он жылда бірінші рет кездестіріп тұрғанымды ойлап, сабама келдім.
Ол еш өзгермепті. Нәзік келбеті, сұлу бітімі, өзіне жарасымды дауыс ырғағы, бетінің қызылы мен сонау жастық шақта құшырлана сүйетін еріндері сондай әдемі еді.. Ол хас сұлудың өзі болатын. Қою қоңыр шашы жаюлы күйінде қандай әдемі болатынын елестетіп отырдым.
Менің жүрегімді махаббатпен толтырған, осы жүрекке пышақ сұғып, қанын ағызған хас сұлуым, үмітім, жанымның серігі – қарсы алдымда отырды.
— Мен оларды тастап кете алмаймын. Отбасымды ойран етуге бара алмаймын,-деді ол бір кезде ойымды бөліп.
— Әрине, жаным. Мен сені түсінемін. Тек бүгінгі кешті он жыл бойы көрмеген ескі досыңа арнашы. Тілегім осы ғана.
Біз ұзақ әңгімелестік. Ол маған мектептен кейінгі өмірі, мамандығы туралы айтып, шетелдегі саяхатын, өмірінде болған маңызды жайттарымен бөлісті. Кеш батпай оны үйіне шығарып салдым. Құшағыма қысып, ұзақ ұстап тұрдым. Ол да мені қимайтынын сездім. Тағы да көрісейік дедім. Ол - үндемеді. Бір-бірімізді қимай қоштассақ та, жүрек шіркінге дауа бар ма?
Көзімнен жас шықпаса да, жүрегім қан жылады осы сәтте....
Көлік соқтығысқан кеш тағдырлар соқтығысына айналатынын кім білген. «Апырау, өмірімнің мәнін тауып, оны бір сәтте жоғалтып алғандай күйде едім. Осы уақытқа дейін үлкен үмітпен өмір сүрдім. Ал енді, ол үміттің де тас-талқаны шықты.
Ол отбасылы. Отбасын тастамайды. Және осы үшін - мен оны сүйемін. Өмір бойы сүйіп өтем...
Дала қызы