Қазақстанда 2017 жылы болған жұмысшылар ереуілдерінің ешбірі талаптарын толық орындата алмады. Сарапшылар мұның себебін еңбек заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістер және елді жұмысшылар құқығын қорғайтын тәуелсіз кәсіподақ қалмағанымен байланыстырады, деп Qamshy.kz ақпарат агенттігі Азатыққа сілтеме беріп жазады.
Маңғыстаудағы мұнайшылар ереуілі
2017 жылы қаңтардың 4-і күні Оңтүстік Қазақстан облысы мамандандырылған экономикалық соты Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жою туралы шешім шығарғаннан кейін іле-шала Маңғыстау облысында мұнайшылар қарсылық акциясын бастады. Ақтау қаласындағы Oil Construction Company (ОСС) кәсіпорны жұмысшылары Қазақстан билігіне тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жаппау туралы талап қойып, аштық жариялады. Жұмыс берушінің мәліметінше, аштық акциясы үш жерде (Ақтау қаласындағы ОСС кәсіподағы кеңсесінде – 292 адам, Қаламқас кенішінде – 270 адам, Жетібай кенішінде – 100-ге тарта адам аштық жариялаған) өткен.

Мұнайшылар "Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы жойылса, жұмыс берушіге талаптарымыз жетпей қалады" деп мәлімдеген. Сонымен бірге олар "жұмыс жағдайын жақсартуды", "жұмысшыларға қатысты актілерді кәсіподақпен бірлесе жасауды", "денсаулыққа тиетін залал үшін қосымша ақы төлеуді", "наразыларға қысым жасамауды" талап еткен.
Екі аптадан аса уақытқа жалғасқан акция барысында жергілікті құқық органдары "жиын өткізу тәртібін" бұзды деп, ереуілшілерге кедергі келтірумен болған.
Ақыр соңында билік Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company (ОСС) компаниясы кәсіподағының жетекшісі Әмин Елеусінов пен осы кәсіподақтың еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаевты ұстап, дереу Астанаға жеткізген соң екеуінің үстінен қылмыстық іс қозғады. Олар сот үкімі шыққанша Астананың тергеу абақтысында қамауда отырды.
ОСС кәсіпорыны басшылығының аштық жариялаған жұмысшыларына қарсы берген арызын қараған Ақтау қалалық 2-соты қаңтардың 19-ында наразылық акциясын "заңсыз" деп тауып, оны тоқтатуға үкім еткен. Аштық акциясына қатысушыларға көп мөлшерде айыппұлдар салған.

Oil Construction Company кәсіподағының жетекшісі Әмин Елеусінов өзіне қарсы іс бойынша сотта отыр.
Сәуірдің 7-і күні Астананың Алматы аудандық 2-соты Нұрбек Құшақбаевты"заңсыз ереуілді жалғастыруға арандатты" деген айыппен екі жарым жылға, ал мамырдың 16-сы күні Әмин Елеусіновті – "кәсіподақтың сеніп тапсырған қаржысын жымқырды" және "полицейлерге тіл тигізді, бағынбады және оларға күш қолданды" деген айыптармен екі жылға соттады
Билік шешімімен жабылған Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының бұрынғы жетекшісі Лариса Харькова "бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін алаяқтықпен әрі аса ірі көлемде жымқырған" деген айыппен сотқа тартылып, төрт жылға бас бостандығы шектелген. Харькованың апелляциялық шағымын сот қанағаттандырмады.

Сотталған кәсіподақ белсенділері үкіммен келіспейді. Құқық қорғаушылар бұл істерден саяси астар көреді.
Халықаралық кәсіподақтар ұйымы конфедерациясы (ITUC) Қазақстан билігін сотталған Oil Construction Company кәсіподағының жетекшілері Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевты босатуға және Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының (ҚТКК) басшысы Лариса Харьковаға қарсы қылмыстық істі тоқтатуға шақырған.
"EXPO-2017" көрмесінен кейінгі еңбекақы дауы
Биыл маусым мен қыркүйек аралығында Ақорда имидждік мақсатта көп үміт артқан "EXPO-2017" халықаралық көрмесі өтті. Құрылысы бірнеше жылға созылған бұл көрмені өткізуге жұмсалған қаржының нақты сомасы туралы ресми ақпарат жоқ, түрлі мәлімет бойынша, оған үштен төрт миллиард долларға дейін қаржы жұмсалған болуы мүмкін. Жуырда жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесуде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы көрмеге 115 мемлекет қатысып, төрт жарым миллионнан астам адам тамашалағанын айтты. Көрме аяқталып, біршама уақыт өткен соң "EXPO-2017" нысандарын салған құрылыс компаниялары мен жұмысшыларының арасындағы еңбекақы даулары жария бола бастады.
Қараша мен желтоқсанда жетпіске жуық жұмысшы "он айлық жалақыларын" даулап, жұмыс беруші "Мәрмәр эстетикасы" және "Sembol construction" компанияларының Астанадағы кеңселеріне бірнеше рет барды.
Жұмысшылар еңбекақыға қарыз ақшаның тек отыз пайызын ғана өтеген компанияның үстінен құзырлы органдарға жүгінгенімен нәтиже шығара алмағанына шағым айтқан. Еңбекақы дауы әлі жалғасып келеді.
Кеншілер наразылығы
Биылғы жыл Қарағанды облысындағы тау-кен шахталарында жұмысшылардың наразылық шараларымен есте қалды. Қарашаның 30-ы күні Қазақстанда түрлі-түсті және сирек металдар өндіруші ең ірі өнеркәсіп саналатын "Қазақмыс корпорациясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Оңтүстік Жезқазған кенішіне қарасты №65 шахтаның әкімшілік ғимаратының алдына жүздеген кенші жиналған. Ондаған кенші жұмыс ауысымы аяқталғаннан кейін кәсіпорындағы еңбекақы мөлшері мен еңбек жағдайына наразылық білдіріп шахтадан шығудан бас тартқан.
Азаматтық белсенділердің әлеуметтік желілер арқылы сол кезде таратқан ақпаратына сәйкес, кеншілер еңбекақыны 70 пайызға көбейту, кәсіпорында ұзақ уақыт еңбек еткендердің зейнетақысын өсіру және жұмысшылардың еңбек пен әлеуметтік жағдайын жақсарту туралы талаптар қойған. Кеншілермен кездескен корпорацияның басқарушы кеңесінің бас директоры Бақтияр Қырықпышовтың "жалақыны 70 пайызға ешкім көтермейді" деп айтып жатқаны көрсетілген видео әлеуметтік желілерде тараған.
Кейін "Қазақмыс" басшылығы "кеншілермен болған еңбек дауы шешілгені жайлы" хабарлаған. Алайда компания кеншілердің қай талабы қалай орындалғаны туралы нақтыламаған. Корпорация басшылығымен келіссөзге қатысқан жұмысшылар комментарий беруге ықылас білдірмеген. Оқиға болған кеніштегі жағдайды бақылаған жергілікті кәсіподақ белсендісі Берік Жағыпаровтың Азаттыққа айтуынша, "корпорация басшылығы өкілдері кеншілердің еңбекақы мен медициналық-сауықтыру мәселелеріне қатысты талаптарын қарауға уәде еткен".
Желтоқсанның 11-і күні Қарағанды облысындағы болат пен көмір өндіретін "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының жеті жүзге жуық кеншісі еңбекақы мен әлеуметтік мәселелер туралы талап қойып, шахтадан шықпай ереуіл бастаған.
Төрт тәулікке жалғасқан наразылық акциясына, кей деректер бойынша, жеті жүзге жуық шахтер қатысқан. Көміршілер кәсіподағының жетекшісі Марат Мирғаязов "шахтерлардың негізгі талабы – жалақыны 100 пайыз көбейту" екенін хабарлаған. Сонымен бірге, ереуілшілер шахтердың зейнетке шығу жасын 63-тен 50-ге түсіру, сырқаттануына байланысты еңбекке уақытша жарамсыз болған жағдайда толық еңбекақы көлемінде төлем беру, кеншінің еңбек жағдайы мен сауықтыру-оңалту шараларын жақсарту туралы талаптар қойған.
Қарағандылық шахтерлар ереуілі әлеуметтік желілерде қызу талқыланған тақырыпқа айналды. Мұнан кейін Қазақстанның жергілікті ақпарат құралдары да кеншілер наразылығы жайлы хабарлар таратып, бастапқыда үнсіз қалған билік өкілдері де ереуілге байланысты пікір білдіре бастады.
Шахталардың иесі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы кеншілер ереуілін "жұмысшылардың рұқсат етілмеген акциясы" деп атады. Компания басшылығы алғашында "наразылық шарасын заңсыз деп табу туралы" сотқа шағымданып, Шахтинск соты "ереуілді тоқтату туралы" ұйғарым да шығарған. Бірақ қоғамда резонанс туған соң компания шағымын кейін қайтарып алатыны жайында мәлімдеді.
