Баян Мақсатқызының әкесі қызын қаралағандарға жауап берді

/uploads/thumbnail/20180104185057245_small.jpg

Ұлт порталы танымал продюсер Баян Мақсатқызының әкесі – тарихшы, түрколог, мәдениеттанушы Мақсат Мұхитденовтің хатын жариялады, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Хатта продюсердің әкесі қызына қатысты жазылған жағымсыз пікірлерге жауап қайтарған. 71-ге келген Мақсат Мұхитденов өзін «адамдардың суқаны сүймейтін Баянның әкесімін» деп таныстырды. Соңғы кездерде Баян Мақсатқызының «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосына түсірген сериалына қатысты "қазаққа жасалған қиянат" сынды сыни пікірлер тарады. Сол пікірлерді шолып шыққан Мақсат мырза біразына жауап беруді жөн көрді. Хаттың қысқаша мазмұны төмендегідей:

«Ешкім “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” эпосына қиянат жасаған жоқ. Бұл эпостың 12-15 шақты нұсқалары болса  керек, башқұрт, алтай  тіліндегілерді санамағанда. Менің  өзімде 8 варианты бар. Сол  варианттардың негізінде “Қозы Көрпеш-Баян сұлу“ деген 6 сериялық телесериал түсірілді. Ал эпостарға қиянат жасау үшін оларды білмеу керек. Фильмнің сценариін жазған адам жырдың варианттарын білмеді  деп айта  алмаймын.

Меніңше, біреуді нақақтан-нақақ  күйдірмеу үшін, айтып  тұрған  адам  сауатты  болу  керек, нағыз ақиқатына  жүгінсек, кітәп оқуы  керек.

Гүлмәрия Барманбекова, міне сіздің сөзіңіз: “Баянның  аузына “Қодарға  тимеймін, әке-шешемнің өзі тиіп алсын” деген сөз салыпты. Ал оригиналға келсек: ”Етегімді  жел ашып  жүрген  емен, Қозыкеден  басқаға  күлген  емен. Әке  неке  қи  дағы тіке  өзің  ал, Елден  бура  салғандай інген емен. Әке, неке қи дағы тіке  өзің ал, Елден айғыр салғандай байтал емен”. Бабалар  сөзі. “Қозы  Көрпеш – Баян  сұлу”. Молла Рахым  нұсқасы. 127 бет. Ал шындық  қайда  жатыр – жырды ардагер журналист біле ме, әлде  сценарист біле ме?! “Қуырдақтың  көкесін – түйе  сойғанда көресің”. Бұл пайымдаулар журналист Анар Төлеуханқызына тиесілі. Бірақ сол Сұлтан  Қадір  замандасым  айтқан “өрекпе  сөз, даңғой  тұжырым»: “Қарабайдың алдында ұзын шапандарына сүрінген мауыздай 3 еркек ойбайлап жатыр. Отардан 5-6 қой ұрланыпты. Кəріне мінген бай үшеуін де ұрып-соғып, тауып орны толтырылмаса, ақысын өнідіретінін айтып сабап жатыр. О заманда, бұ заман бір отар қойды 3 адам бағып, қой алдырғанын кім естіген? Ал осы жерде Баян əкесіне сөйлейді. «Өздері өлейін деп жүрген жалаңаяқ кедейдің қай малын алмақсың?» Бойжеткен қыздың əкесіне емес, мыңғыртып мал айдатқан бай баласына ойын өктем жеткізетін бір елдің анасы - үлкен ақыл иесі бəйбішенің, оралымды ойына маңындағы жұрттың тыныштығы бірінші оралғанда шеше ғана көп көзінше тіліп айтар сөз. Баянның сөзі деп тыңдай алмайсың. Ол аздай «ұрыларды артынан қуып, тартып алу керек» деп өңмеңдеп, əкесін тыңдамай атқа қонып, тасырлап, жолындағысын жапырып, үлкен-кішіні жасына қарап айырмайтын, ат төсімен кімді де болса қағар есерлеу, əкесіне түйеден түскендей қатты сөйлеген бейəдеп Баян мен жырдағы Баян арасын салыстыра ойлаудың өзі күнəдай», - деп продюсердің әкесі жырдан дәлелдерді келтіруді тырысқан.  

«Гүлмәрия  Барманбекова. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» сериалындағы Баян рөлін ойнаған қыздың болмыс-бітіміне байланысты әлеуметтік желідегі көпшіліктің сынына Ереке деген бір бауырымыз мынандай пікір қалдырыпты: «…сұлулық стандартын орнатуға ешкімнің құқығы жоқ. Фильмге түскен қыздың түр-әлпетін плинтустан төмен түсіріп, мұндай пост жазғаныңыз жиіркенішті! Баян сұлуды өз көзіңізбен көрген сияқты сөйлеу не нәрсе бұл… Шетелге ұят демей-ақ қояйық, шетел біздің эпостар тұрмақ қазақ елі бар екенін енді естіп  жатыр». Гүлмәрия  Барманбекова, болмыс  бітімге  байланысты көпшіліктің  сыны  емес, сіздің жеке  сыныңызға  қарсы  айтылған Ерекенің  пікірі  болатын және де  әділетті пікір  еді. Сіз -  журналистсіз, ардагер  журналистсіз, кинода Баянның ролін сомдаған  актрисаны  қайта – қайта  қорлауға құқық  берген  кім? Журналистік  этика  деген деген  ұғым  бар емес пе?  Келтіре  кетейін «… Санасы жалаңаш, жанары ойсыз, әдептен жұрдай, бетің бар жүзің бар демей, орынсыз ауызекі тілмен сөйлей  салатын, жалғап алған жасанды кірпігі жалпылдап, тасыраңдаған таңқы танау қара қыз - сериалдағы Баян осындай», - деп ашынды Мақсат Мұхитденов журналистің айтқан сөздеріне.

Сондай-ақ ардагер журналист Гүлмәрия Барманбекованың теңеулерін адамның жеке басын қорлау деп санап, заң жүзінде сарапталатынын да ескертті.

«Хош, енді барлық  пәле  менің  қызым  Баяннан екеніне  иманындай  сенетін Қазыбек мырзаға  келейік. "Бауырым"  деп  айта  алмаймын, оған себеп  көп, тіпті түріңізден де  көріп тұрмын бауыр емес екендігімді. Өкпелемеңіз, өзекжардымызды мәймөңкелемей бетке айтатын тұқымнанбыз. Сізге Баян соншама не істеді? Бір емес, екі  емес «Қазақ  үні» деген гәзитіңіз Баянды популизация/пиар  жасауда алдына  қара  салмай  келеді, «Баянның  ботқа  шоуы ма, тағы  да  басқа әдемі, жүрекке жылы тиетін атаулармен». Ал осы жолы тіпті  ерледіңіз! Оңай емес қой, «Баянға  Баянды қорлатпаймыз, Баян  руханиятымызды өшіруде» деп  ұрандатып  тұрған, өзіңіз  бүгін  ғана мақтанғандай, үш  жүз  қол  жинау, жол болсын!. Бірақ  рахметімді де  айтып  кетейін, Баянда бүгін екі миллион тоғыз  жүз мың подписчик  бар еді, мына сіздің қазақ руханияты үшін жанқиярлықпен, талмай істеп жатқан делдалдығыңыздың арқасында, ертең үш миллион бес жүз мың подписчик болатынына сенімім  мол», - дей келе хат соңын "Шаршатты, болдым..." деп аяқтады.

Связанные Статьи