Кездесу барысында Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы өзара ықпалдастықтың қазіргі жағдайы, сондай-ақ саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Біріккен Араб Әмірліктерінің басшысы шейх Халифа Әл Нахаянның тығыз әрі өзара сенімді байланыстарының арқасында елдеріміз арасында достық қарым-қатынас орнады, – деді Мемлекеттік хатшы.
Г. Әбдіқалықова Қазақстанның 4.0-Индустриясы элементтерін енгізуді және әлемнің озық дамыған отыз елінің қатарына қосылуды көздейтін Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауын іске асыруға кіріскенін атап өтті.
– Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесіміз. Таяуда Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысындағы сөйлеген сөзінде халықаралық өмірде саяси сенім мен жүйелі диалогтың маңызды екеніне назар аударған болатын, – деді Мемлекеттік хатшы.
Гүлшара Әбдіқалықова «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Әмірліктердің қаржы орталықтары арасында өзара белсенді іс-қимылды жалғастырудың маңызды екенін атап өтті.
Соңында Мемлекеттік хатшы Біріккен Араб Әмірліктерінің Халықаралық «Астана ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесіне белсенді атсалысқаны үшін ризашылық білдіріп, Дубайдағы келесі ЭКСПО-2020 көрмесінің жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді.
– Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерімен толыққанды стратегиялық серіктестік орнатуға мүдделі және ЭКСПО-2020 көрмесіне белсенді атсалысатын болады, – деді Г.Әбдіқалықова.
Оставить комментарий