Қытайда 120 мыңға жуық мұсылман-ұйғырды Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы Қашқар қаласындағы саяси оқыту лагерлеріне жіберіп жатыр. Бұл жайында Qamshy.kz ақпарат агенттігі CNN порталының мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Тұрғындарының басым бөлігі ислам дінін ұстанатын Қытайдың ең ірі аймағының бірінде ҚХР билігі саяси лагерлер құрып, он мыңдаған ұйғырды оқытып жатыр. Ол жерде мұсылман-ұйғырлар революциялық әндер айтып, КХР басшысы Си Цзиньпиннің негізгі ойларымен танысады және олар қытай тілінде сөйлеуге мәжбүр.
Биліктің бұл ісіне қатысты адам құқығын қорғайтын белсенділер түрлі сыни пікір білдіріп жатыр. «Әр ауладан, әр отбасыдан үш-төрт адамнан алып кетіп жатыр. Кейбір ауылдарда, көшелерде бірде-бір ер адам жоқ, тек әйелдер мен балалар қалған, ер адамдардың барлығын лагерлерге алып кеткен», - дейді дүниежүзілік Ұйғыр конгресі комитетінің төрағасы Омер Кенат.
Белсенділердің айтуынша, биліктің бұл іс-әрекеті заңсыз. Билік өкілдері ұйғырларды тек түрмеге жауып қана қоймай, бүкіл жерге бейнебақылау камераларын, көлік құралдарына күштеп GPS орнатып, 16 мен 65 жас аралығындағы тұрғындардың гендік сараптамасын тексеріп жатыр.
Қытай билігі Пәкістан мен Ауғанстанның радикалды топтары тұрғындарының дені ислам дінін ұстанатын Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы арқылы елге келеді деп қауіптенеді екен.