ШҚО: Алдағы екі жылда таза су Үржар ауданының 85%-на тартылады

/uploads/thumbnail/20180220053258370_small.jpg

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы елді мекендердің тек 50 пайызы ғана таза ауызсумен қамтамасыз етілген. 2020 жылға қарай тіршілік нәріне ауыл халқының 85 пайызы қол жеткізеді деп күтілуде. Бұл туралы Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин аудан тұрғындары алдында есеп беру барысында айтты. Айта кетейік, аудан әкімінің есепті жиынына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Аудан әкімі Серік Зайнулдиннің айтуынша, биылғы жылға республикалық бюджет есебінен Қарабұта, Мақаншы, Қаратұма ауылдарындағы су құбырын жаңарту жұмыстарына 927,9 млн теңге, облыстық бюджеттен 92,9 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген.

«Бүгінгі таңда ауданның 50 пайызы ғана ауызсумен қамтамасыз етілген. 2018-2019 жылдарға Қабанбай, Ақжар, Жоғарғы Егінсу, Елтай ауылдарындағы су құбыры құрылыстарының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге облыстық бюджеттен 34 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Осылайша аудандағы елді мекендерді таза ауызсумен 2020 жылға дейін 85 пайыз қамтамасыз етеміз», - деді аудан басшысы.

Оның сөзіне қарағанда,  ағымдағы жылы аудан орталығында 25 метрлік жүзу бассейні мен «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында 30 пәтерлі тұрғын ұй құрылысын салу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Алакөл жағалауын абаттандыру жұмыстары жалғасып, Қабанбай ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратын ағымды жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінеді. Онда тарихи-археологиялық мұражай ашу бағытында жұмыстар жүргізіледі.

Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі "Жергілікті атқарушы органдар басшыларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы" Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер жыл сайын қаңтар-ақпан айларында аудан, ауыл тұрғындары алдында есеп беріп келді. Әкімдердің есеп беруі - атқарушы органдардың халықтың алдындағы жауапкершілігі мен есептілігін арттыруға қол жеткізудің халықты мемлекеттік басқару процесін кеңінен таратудың бірден-бір жолы.

Связанные Статьи