Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жаңа ипотекалық «7-20-25» бағдарламасына түсіндірме беріп өтті деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Мына нәрсені ескеру керек, 7 пайыздық ипотека банктер арқылы берілмейді, Үкімет пен Ұлттық банк арнайы компанияны құратын болады. Аталған компания арзан ипотеканы берумен айналысады. Мәселен, қазіргі кезде екінші деңгейлі банктерде ипотеканың жылдық мөлшерлемесі 15-17 пайызды құрайды. Ал жаңа компанияны Ұлттық банк субсидиялайды. Соның арқасында 7 пайыздық ипотека беруге мүмкіндік болады. Аталған шара тұрғын үйдің сапасына кері әсерін тигізбейді», — деді министр.
Министрдің айтуынша, Қазақстанның ипотекалық компаниясы жаңа бағдарламаға араласпайды. Аталған ұйым өз қызметін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалғастыра береді.