Жетісудың өлкетану мұрасы құнды кітаппен толықты

/uploads/thumbnail/20180319101547118_small.jpg

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева Алматы облысына жасаған жұмыс сапары аясында Жамбыл ауданы туралы тың деректерге толы «Қызыр қонған құт мекен» атты балаларға арналған танымдық кітабының тұсауын кесті. 

Жамбыл ауданындағы әрбір елді мекен, қоныстар, оның табиғаты мен жер-су атауларының шығу тарихы, сонымен қатар осы өңірде туып-өскен тарихи тұлғалар жайында бұрындары жарияланбаған тың деректер, өлкетанушылар мен ғалымдардың зерттеулері, жазушылар мен тарихшылардың, сондай-ақ көнекөз қариялардан жеткен аңыздар мен шежірелер 4 жыл бойы жинақталып, аталмыш кітапқа енгізілген. Жазылу мәнері балалардың туған өлкесін танып-білуге деген қызығушылығын оятып, танымын кеңейтіп, отансүйгіштік рухын шыңдауға ықпалын тигізеді деп сенеміз. Кітап мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымына, сонымен қатар елін, жерін сүйетін қалың оқырманға арналып жазылған. 

Танымдық сипатта жазылған еңбек Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» жобасы аясында жарық көріп отыр. Осы ретте, салтанатты шараны ашып, жүргізіп отырған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар да кітап авторының тұсаукесерді кіндік қаны тамған киелі мекенде өткізуді жөн санағанын атап өтті.

Жиынға қатысқан көпшілікке жүрекжарды лебізін білдірген Аида Балаева кітаптың қолға алынуына туған топыраққа деген перзенттік махаббатының түрткі болғанын айтты. Ақыны нөсерлеп жыр төккен, батыры баянды жұрт еткен өлкенің тарихын зерделеп, көңіл тебіренісін ақ қағазға түсіруі алдағы үлкен еңбектің бастамасы деп білетінін жеткізді.

– Идеяның иі қанып, әбден пісуі Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқан кезеңге сәйкес келді. Мұның да үлкен символдық мәні бар деп білемін. Елбасы айтқандай, әркім Туған жерінің дамуына үлес қосу арқылы, Туған елдің өркендеуіне еңбек етеді, – дейді Аида Балаева.

Кітаптың тұсаукесеріне арналған кездесуді Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жүргізді. Кеште сөз алып, кітап жайында ойымен бөліскен Жамбыл ауданының әкімі Жандарбек Далабаев, белгілі жазушы-журналист, ҚР еңбек сіңірген қайраткер, филология ғылымдарының докторы, профессор Уәлихан Қалижан, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық академияның профессоры, белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы, белгілі қоғам қайраткері, Алматы қаласында бірқатар жауапты қызметтер атқарған филология ғылымдарының докторы, профессор Кенжехан Матыжанов, аудандық «Атамекен» газетінің бас редакторы Рәтбек Терлікбаев кітаптың құрылымы жайлы тереңнен толғап, оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттыра түсті. 

– Бұл – балаларға арналған кітап. Сондықтан, барынша қарапайым тілмен баяндалған.  Тарихи деректердің мазмұны ашылып, түсінікті жазылған. Кітап кішкентай оқырмандардың бойына туған жеріне деген сүйіспеншілік дарытуға аз да болса үлес қосса – менің мақсатымның орындалғаны. Ол оқушылардың туған жерін тереңірек зерттеуге құлшынысын да оятар деп үміттенемін. Болашақта іргелі зерттеулер жасалып, кітаптағы мәліметтер ғылыми тұрғыдан баи түсеріне сенімдімін", - деп атап өтті Аида Ғалымқызы.

Кездесу кеші жетісулық өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, соңында жиналғандарға жаңа кітап сыйға тартылды. 

Отаншылдыққа, патриотизмге үндеу мақсатындағы көлемді кітап балалардың талғамына сай көзге тартымды, көңілге қонымды сапалы басылған. Онда киелі жерлер, тарихи орындар, осы өңірден шыққан ұлт тұлғалары, жер-су аттарының шығу төркіні, ең аяғы шежіре, аңыз-әңгімелерге дейін орын берілген. Ауданның өткенімен қатар бүгінінен де мол мағлұмат қамтылып, әрбір ауылдық аймақ пен елді мекенге жеке-жеке тоқталған. Шарада ақын Надежда Лушникова қаламгер сіңлісіне арнап өлең оқыды.

Сахна төрінде жасалған тұсаукесер рәсімінде Аида Балаева жинақтың алғашқы данасын тарих пәнінен сабақ берген сүйікті ұстазы Нұршагүл Абаеваға тапсырды. Келген жұртшылыққа да кітабын сыйлады. Кеш соңында аудандық «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әртістері ән-жырдан шашу шашты.

Жерлестерімен емен-жарқын жүздескен Аида Ғалымқызы туған ауылы Жамбылға барып, мұражайдағы ақын кесенесі мен Нұрғиса Тілендиев ескерткішіне гүл шоғын қойды. Осы күні Аида Балаева өзі оқыған Жамбыл атындағы орта мектепке барып, онда ұстаздарымен және оқушылармен кездесіп, емен-жарқын әңгіме құрып, соңында мектеп ұжымына кітаптар мен интерактивті тақта сыйлады.

Связанные Статьи