«Қыран - 2018» республикалық бүркітші турнирінің жас жеңімпазы атанған Алматы облысының тұрғыны өзінің шеберлік құпияларымен бөлісті.
Қазақтардың өмірінде аңшы құстар - бүркіттермен аңға шығу ерекше маңызға ие. Халық спортының осы бір ерекше түрі көп қолданылмаса да, бұл дәстүр әлі сақталып келеді және тарих қойнауына еніп кеткен жоқ.
Мұның барлығы ата-бабасынан аңшылық дәстүрді сақтап келе жатқан бүркітшілердің арқасы. Бауыржан Сейітжан отбасы - осының айқын дәлелі.
Бауыржанның Аян, Алмас, Бекасыл және Бексұлтан атты төрт ұлы бар. Таяуда үйдің үшінші ұлы Бекасыл - Қазақстанның түпкір-түпкірінен жиналған бүркітші-шеберлердің басын қосқан «Қыран - 2018» турнирінде жеңімпаз атанды.
«Бұл мен үшін үлкен жетістігім. Осы дәстүрге баулып, батасын берген атама рахмет. Біздің отбасымызда барлығы аңшылықпен айналысады. Әркімнің өз құсы бар. Менің бүркітімнің аты Хантәңір. Інім Бексұлтан әлі кішкентай, сондықтан ол қаршыға Көкжендетпен аңға шығады», - деді жас чемпион.
Қазір Бекасыл 13 жаста. Ол Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Сөгет ауылындағы О.Жандосов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы. Ол сүйікті кәсібімен сегіз жасынан айналыса бастаған.
«Бұл істе үнемі шеберлікті қайрап, өзің үшін жаңа нәрсе үйреніп отыру маңызды. Ең бастысы - өз қыраныңа махаббатпен қарап, оны аялай білу, оны дұрыс тамақтандырып, ишараны үйрету керек. Себебі, иен далада онымен бірге жалғыз қаласың», - деп құпиясымен бөлісті жас бүркітші.
Айта кетейік, Бекасыл бұл әуестіктен бөлек екі жылдан бері қазақша күреске қатысады. Мектепте де сабақты жақсы оқитынымен көзге түскен. Алайда, әзірге болашақ мамандығын таңдап үлгермеген.
«Әрине, тек құспен өмір сүре алмайсың. Сондықтан болашақта сұранысқа ие мамандықты игеру қажет. Құспен аңшылық жасауға келер болсақ - бұл біздің халықтың ұлттық дәстүрі. Біз оны сақтап қалуымыз керек. Қазір біздің елімізде қазақ халқының мәдени-рухани мұрасын жаңғыртуға көп көңіл бөлінетіні қуантады», - деді чемпионның әкесі Бауыржан Сейітжан.
Еске сала кетсек, 8 жасынан қолына қыран қондырып, бүркіт баптаған Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны, 13 жастағы Бексұлтан Сейітжан турнирдің бас жүлдесін жеңіп алғандығы туралы хабарлаған болатынбыз.