Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасының облыстық іріктеу кезеңі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Аталмыш сайыстың басты мақсаты - мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және оны дамыту, әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша ерекше дарынды оқушыларды анықтау және оларға қолдау көрсету болып табылатын бұл олимпиадабиыл бесінші рет өткізіліп отыр. Олимпиадада оқушылардың қазақ халқының тілі, әдебиеті, салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті секілді ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру, тұлғаның өзін-өзі дамытуына және қабілетін ұштауға ықпал ету көзделген. Сонымен қатар, мемлекеттің мәртебесін көтеру, қазақ және өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру, оларға ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіру арқылы «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыру болып табылады.
Халықаралық «КАТЕV» қоғамдық қорының ерекше демеуімен қолға алынған бұл бастамаға Талдықорған қаласындағы «Білім-Инновация» лицей- интернаты мен облыстық білім басқармасы ұйытқы болған. Осымен 10 -шы рет өткен білім бәсекесіне Алматы облысының әр аудан, қалалары мен облыс орталығынан сұрыпталған 170-тен астам үміткер қатысып, өз бақтарын сынады.
Байқау жалпы «Тілші-әдебиетшілер», «Сөз шеберлері», «Әнші-бұлбұлдар», «Жас ғалымдар», «Жазушылар» сынды бес аталым бойынша өтті. Сайысқа түскен саңлақтарға өңірдегі жоғары оқу орындарының ғылым докторы, профессорлары мен танымал ақын-жазушылары төрелік етіп, жүзден жүйірік, мыңнан тұлпар шыққандарды анықтады. Сонымен, аталмыш лицей- интернатында ұйымдастырылған дүбірлі додада жалпы Жетісу жерінен 80-ге жуық талапкер жүлделі орындарға ие болды. Онда қара үзіп шыққан 10 үміткер бірінші, 20 оқушы екінші, 30 сайыскер үшінші орынды еншілесе, 20-сы ынталандыруға лайық деп танылды. Енді мұндағы І орын иегерлеріне алдағы уақытта өтетін республикалық байқауға жолдама берілмек. Ал, онда топ жарғандар жоғары оқу орнында тегін оқуға түсуге мүмкіндік алады.
Айта кетсек, "Жарқын болашақ" қазақ тілді олимпиадасы биыл оныншы рет ұйымдастырылып отыр. Аталмыш байқауды Білім және ғылым министрлігі мен «KATEV» халықаралық қоғамдық қоры бірлесе отырып ұйымдастырады.