Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР ІІМ орынбасары Жанат Сүлейменов премьер-министрден сөз естіп қалды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Жанат Сүлейменов ШҚО-дағы су тасқынына қатысты баяндама жасап, Үкімет басшысына есеп берген еді.
– Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, қазіргі уақытта ШҚО-да 400 үй су астында қалып отыр. 326 тұрғын үйден су сорып алынды. Қазіргі уақытта Қарағанды облысында су басқан 12 үйден су толығымен сорып алынды. Күштер мен құралдар тобын күшейту үшін ШҚО-ға Ішкі істер министрінің орынбасары Ильиннің басшылығымен ІІМ жедел тобы жіберілді. 92 адам жеке құрамнан, 14 бірлік техникадан, 58 мотопомпадан және 8 жүзу құралынан тұратын күштер мен жабдықтар қосымша жеткізілді. Авариялық құтқару және шұғыл жұмыстарға 454 құрамнан және 203 бірлік техникадан тұратын күштер жұмылдырылған. Баяндама аяқталды, - деді ішкі істер министрінің орынбасары.

– Даниял Кенжетайұлының ұсынысына байланысты не айтасыз? – деді премьер-министр.
– Ол мәселе бойынша біз демалыс күндері Ұлттық ұлан ұшақтарымен ОҚО, Алматы, Павлодар облысынан қосымша күш ретінде жеке құрам мен техникалар жеткіздік, - деп жауап қатты Жанат Сүлейменов.
– Дұрыс. Жоқ болғаннан кейін басқа облыстардан алып отырсыз ғой. Ал Даниял Кенжетайұлы айтып отыр: «Норма бойынша осынша болу керек, ал шын мәнінде өте төмен цифр», - деп. Қандай шаралар жасалып жатыр министрліктің тарапынан? - деп сұрағын нақтылады Сағынтаев.
– Рұқсат болса, ол туралы баяндамам, цифрларым жоқ, - деп күмілжіген Сүлейменов премьер-министрдің сынына ұшырады.

– Баяндамаңызға ол мәселе жөнінде жазып берген жоқ қой. Сонда сіздер қалай басқарасыздар? Баяндама жазып бергенді оқып бересіз, жазбаса, жағдайдың қандай болып жатқанын білмейсіздер де. Соңынан келіп осындай жағдайларға душар боламыз, Техника жоқ, гидрокомбенизон жоқ, мотопомпа жоқ. Қиын жағдай болса, көрші облыстардан сұрап аламыз. Түсінікті, - деді Бақытжан Сағынтаев.