Кеше «Әміре» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және Әлидар Өтемұратовтың «Dar Play» компаниясымен бірлесе түсірген фильм Қазақстан тарихында есімі алтын әріптермен жазылған Әміре Қашаубаевтың Франция астанасы Парижде өткен ЭКСПО көрмесінде ән салып, төрткіл дүниені таңдай қақтырғаны, Францияда бастан өткергені, күміс көмей әншілер додаға түскен бәйгеге қатысқаны баяндалады.
Әміре Қашаубаев Францияда Алаш идеялары мен мұраттары аясында қанаттанған, қазақ, өзбек және басқа да түркі халықтарының ұлттық бостандығы үшін күресінің стратегиясы мен тактикасын айқындаған қайраткер Мұстафа Шоқаймен кездесуі, оның туған жерге деген сағынышы мен қазақ бауырларының бір-біріне деген қолдауы суреттеледі.
«Әміре» көркем фильмін Қазақстан мен АҚШ бірлесіп ағылшын тілінде түсірген. Ол қазақ және орыс тіліне дубляждалған.
Әміре Қашаубаевтың дауысын Сержан Мұсайын дубляждады.
Аталмыш фильмнің тұсаукесерінде фильм екі залда екі тілде көрсетілді. Әміре Қашаубаевтың рөлін актер Санжар Мәдиев сомдады. Оның айтуынша, «Әміре» фильмі қазірші уақыттағы ең қиын әрі жауапкершілігі мол жобалардың бірі болды. Тарихи тұлғаның образаны еніп, қалың көрерменнің жүрегіне жеткізу үшін барын салғанын айтады. Актер домбырада ойнау өнерін терең меңгеру үшін домбырашы Нұржан Тәжікеновтен дәріс алған. Вокалға қатысқан.

БАҚ өкілдері қатысқан фильмнің жабық көрсетілімінде Мұстафа Шоқайдың рөлін сомдаған Еркебұлан Дайыровтың актерлік шеберлігі көбінің ойынан шықты.
Фильмде басты рөлдердің бірін аустралиялық актриса Эбби Корниш сомдады.
«Әміре» фильмі көрсетілгеннен кейін баспасөз отырысы өтті. Оған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, фильмнің режиссері Джеф Веспа (АҚШ), бас продюсер Әлидар Өтемұратов және оның кеңесшісі Жарқын Шәкәрім, (Әміре Қашаубаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған еңбектердің авторы), Әміре Қашаубаевтың рөлін сомдаған актер Санжар Мәдиев және Мұстафа Шокайдың рөлін сомдаған актер Еркебұлан Дайыров қатысты.
Басапасөз отырысында сөз алған Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша фильм 2016 жылы көрерменеге жол тартуы қажет еді.

- Біз 2016-2017 жылы ЭКСПО-ға қарсаңында «Әміре» фильмін шығаруды жоспарлаған едік. Себебі, Әміре Францияға ЭКСПО-ға барған. Біздің мақсатымыз - ЭКСПО кезінде осы көркем фильмді шығару болған. 2015-2016 жылдары экономикалық тұрғыда көптеген қиыншылықтар болғаннан кейін, жоспарлаған уақыттан кештеу шықты, деп түсіндірді министр.
«Әміре» фильмінің бас продюсері Әлидар Өтемұратовтың айтуынша фильмге миллиард екі жүз мың теңге кетті.
Арыстанбек Мұхамедиұлы бір жарым сағаттық фильмге Әміренің барлық өмірін сыйдыру мүмкін болмағанын айтады. Болашақта жалғасы түсірілу мүмкін екенін де айтты.
"Әміре" фильмі 5 сәуірден бастан еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі.