Qamshy.kz ақпарат агенттігінің поштасына ақын Адалбек Ақмадиұлымен болған сұхбат келіп түсті. Бірнеше жыр кітабының авторымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Әкемнен сұқбат аламын деп ешқашан ойламаған едім. Күйзеліп жүр. Әдебиеттің шабдарын мініп, шалқып жүруді аңсайды. Бұрындары да әдебиеттен алыс, базарда еді. Ол кезде мұнша күйінбеген. Содан әкемді тығырықтан өзім шығарғым келді. Әңгімеміз әдебиеттен басталып, өзінің шығармашылығымен аяқталды... Көңілі пәсейсе де, пәндауи ойдан ада, періште көңілді ақынның сұқбатын оқыңыз ендеше...
– Сұқбатқа дайынсыз ба?
– Дайынмын. Қазір қажып жүрмін. Әдеби әңгімені аңсаймын. Қара базардан қол үзгелі әдебиеттің маңайынан жұмыс іздеп жүрмін. Ұлықбек ағаға айтып көрсем деймін. Бәлкім, бір жұмыс табылар. Қазір «Шұғыла» қонақүйінде күзетшімін, білесің. Тыныш жұмыс. Отырып алып, жазуға болады. Орыстардан бөлек, түріктер, ағылшындар тоқтайды. Біраз тіл сындырдым орысша. Сен Қытайдағы оқуыңды түгесіп келгенше, бірнеше тілде шүлдірлемесем де, бір-екі ауыз жеткізе алатын боламын.
– Не жазып жүргеніңізді бізге айтпайтын болдыңыз?
– Бар арманым «Қарашық» деген романымды аяқтасам деймін. Адамның көзі, одан кейін қабағы, одан жамалы бар. Абайдың көзімнің қарасы дейтіні содан. Мен адамзаттың пайда болуы туралы әңгімеге қызығып жүрмін. Өткенде Адам ата мен Хауа ана туралы айтып беріп ем ғой. Сол бағытта ойланып жүрмін.
Қазаққа Нобель сыйлығын әперсем деймін...
– Дәл қазір нені армандап отырсыз?
– Жаңағы романымды бітіруді ойлаймын. Он бетін аяқтадым. Тек жаза алмай жүрмін. Сосын қазаққа Нобель сыйлығын әпергім келеді.
– Өткендегі түсіңіз туралы айтасыз ба?
– Түсімде Иманғали Тасмағамбетұлын көрдім. Депутаттыққа шақырды. Алғашында тілдесе алмай барып, тілдестім. Түсіңде тілдесе алмай, сөйлессең, ол түс орындалады. Әрі ол рахмани түс еді. Таң ата көргем. Бұйырса, бес жылдан соң депутат боламын.
– Сіздің қатарыңызда озық келе жатқан кім?
– Мұрат ағаң Шаймаран ғой. Тұнып тұрған лирик ол. Ешқайсымыз Мұрат сынды жаза алмаймыз.
– Ал жастардан ше? Сіз ашқан жаңалық?
– Жақсылық Қазымұратұлы. «Қара ала сырмақ» атты кітабы бар. Шынайы жазады.
Шаймаран жастарды шиырлап жүреді...
– Сол жастарға жақын жүретін кім?
– Жаңағы Мұрат Шаймаранұлы. Өйткені, бір жағы ҚазҰУ-да оқытушы ғой.
– Қазір мектеп қалыптастырды деп кімді айта аламыз?
– Есенғали мен Тыныштықбекті. Ұлықбек аға мен Светқали да жақсы ақын. Жастар оларды жабылып оқиды.
– Жазылып, бірақ жарияланбай қалған өлеңдеріңіз бар ма?
– Бір-ақ өлеңім болды. «Қарлыға қыз» деген. «Қазығұрттан» шығатын «Айжанарға» қосқам. Қарлыға «Қазығұрттан» бастап, аяғымыздан тік тұрғызып, өлеңді алып, көзімше жыртып тастады. Мінезі ауыр ол қыздың. Таза адам ғой. Әйтпесе, өлеңде артық дүние жоқ еді. Бір беті қайтса, қайтпайды. Тамаша өлең еді. Бір шумағы ғана есімде. Қаһарға ұшырады. «Ақ желкеннің» тілшісі болатын. Қазір хабарсыз қалдым. Оның үстіне қазір өзін ғана ойлайтын хәлде емес. Болашағын ойлайды. Оның жаны таза. Қарлығадай мейірімді жанды көрмедім. Көзіне бар жылулықты сыйдырған жан. Қарыз дүниеден шықпаса да, одан шығады. Жарты ауыз жылы сөз де одан табылады. «Айжанар» мен «Шолпан туған жоқ әлі» деген екі кітабымды болымсыз ақшаға тап-таза ғып берді. Базарым өртенген тұста, сұқбат алып, шеріммен бөлісті. Өзің де «Дарабозға» қатысқанда бүкіл жазғаныңды тегін оқып, түзеп берді ғой.
3.Қарындасыма өлең жазу керек...
– Ә, иә! Әке, сұқбатымыз басқаша өрбісе деп едім...
– Қарлығадай жақсы адамдар көп болса екен деген бағытта айтып отырмын. Басқа ойым жоқ. Әрі сұқбатымда атын айтқанымды білсе, екі бауырын қолына алып, тулайды, білем. Жаңа Адам ата туралы жазып жүрмін дедім ғой, Хауа ана жаңағы мен айтқан қыз сынды мейірімді болса керек. Қарлыға ешкімнен ешқашан бас тартпайды. Тек өзі көмектесіп жүрген жаннан көмек сұрай қалып, жауап болмаса, одан мүлде қол үзеді. Қарындасыма өлең жазу керек. Әлемді сұлулық пен адамдық қана құтқарады. Өткенде Балқашқа жиналып жатқанымда кітабыма байланысты хабарласты. Үйдегі көршім күдіктеніп, кім екенін сұрады. Қарлыға екенін айтып ем, кілт тоқтады. Ол да қатты сыйлайды.
Екі кітабым түгел сатылса, байимын...
– Сіз қашан байисыз?
– Көңілге баймын. Жүрегім жырға толы. Екі кітабым сатылып жатыр. Солар түгел өткенде, қолға қарға тышады.
– Кімді оқып жүрсіз?
– Абайды. Мен Абайдан басқа ешкімді оқымаймын.
– Шетел мен орыс классикасы қайда қалады сонда? Абаймен алысқа шаба аласыз ба?
– Абайда дүнияның ілімі жатыр түсінгенге. Әр жолы қайта оқыған сайын жаңа әсер аласың. Сен айтқан кітаптарды да оқу керек, бірақ құнықпау керек.
– Қазір немен күресіп жүрсіз?
– Ұят та болса айтайын, семіздікпен. 115 кг болып, жүре алмай қалдым. Қан қысымым мазалады. Жақында ауруханада жатып шықтым ғой 20 күн. Қазір 95 кг-мын. Тағы 10 кг тастасам деймін.
– Абай несімен құнды?
– Мен бес нәрсеге сыйынамын. Құдай, Күн, Жер, Ай және аруақ. Абай да күнді, нұрды, ауаны, суды, жерді айтқан. Мен де бір кездері дінге берік едім. Ұзақ жыл 40 жасқа дейін намаз оқыдым. Намазымнан қол үзіп қалғаныма өкінемін.
4.Күнім түсіп, Жағановаға ғана бардым...
– Кіріптар болып, кісінің алдына бардыңыз ба?
– Алтыншаш Жағановаға азаматтық сұрап бардым. Қолымда еш құжатым жоқ еді. Бірден шешім берді. Үйімнің жоқтығын көріп, үй берді.
– Өкінішіңіз не?
– Сенің жалғыздығың. Жеті бауырың жарық көрместен кетті. Анаңның жүрегін емдей алмадым. Ұлымның жоқтығы жаныма батады.
– Жақында Ұлықбек аға төраға болды. Жаңа Одақтан не күтесіз?
– Әдеби процестен алыс жүргендіктен бе, маған бәрібір. Бірақ біраз реформа жүретін сыңайлы. Жаңарса дейміз ғой әлбетте.
5.Әмірханды жырдың күйігі алып кетті...
– «Маралтай аңыз болсын, Әмірхан абыз болсын, Жырды сезімнің қылын шертіп, Жарас жазсын» деген сөзді жиі естиміз. Сіздің қатарыңыздың татулығы қай деңгейде?
– 68-інші жылғылар татумыз. Аралас-құраласпыз. Күні кеше Маралтай кеш өткізген. Бара алмадым тек. Ақтөбеден Бауыржан Бабажанұлына күнде тлипон соғам. Ол тамаша жазып жүр. Мұрат ағаңды ылғи көрем. Әмірханнан айрылып қалдық. Оны жырдың күйігі алып кетті. Әлібек те өлеңнің қамымен жүр. Астанада Батырболат Айболатұлы бар. Келер жылы Маралтайдың 50 жылдығы. Сонда бір бас қосамыз ғой.
– Қатты күйзелген кезіңізді айтыңызшы...
– «Өртеніп кетті базарым, өртеніп кетті миымданы» жазған уақыт. «Халық сөзінің» бірінші бетіне айғайлап шықты. Тлипоныма тыным болмады. Редакторы Қуат Әуесбай жұқалау келген жақсы жігіт. Газеттердің дизайны жағынан сол басылым мықты еді.
– Қай газет пен сайттың оқырманысыз?
– «Қазақ әдебиетін» үзбей қараймын. «Абай кз» пен «Қамшыны» қараймын. «Қамшыға» жан бітті. Жақсы оқылып жүр. Тақырыптары да қызық. Тек әдебиетке көңіл бөлмейді. Біз сияқты ақындардың сұқбатын сирек береді. Соны қолға алса, дұрыс болар еді.
5.Әзірге Гүлнар Салықбай жалғыз...
– Әйел ақындардан кім мықты келе жатыр?
– Екі бастан Гүлнар апам ғой. Қыздың сезімін қылдай ғып шерткен ол кісіден басқа ешкім жоқ. Әзірге ақындардан Гүлнар Салықбай жалғыз.
– Ақын ретінде жаныңыз неге ауырады?
– Елдегі жұмыссыздыққа. Тепсе темір үзетін жігіттердің қара базарда отырғанын көзім көрді. Өзім де соның бірі болдым. Бізді тіршіліктің қамыты қамап алды.
– Жәркен аға он шумаққа дейін есіме сақтай аламын деп еді... Сіз ше?
– Мен бәрін сақтай аламын. Ойым тұнық. Қазір көп нәрсені жаза алмай жүрмін. Соған өкінемін...
Сұқбаттасқан Сағыныш Сапар
Оставить комментарий