Қашып барады, қашып барады... Алды-артына қарамай қашып барады... Сөйтіп шетелден бір-ақ шықты. Иә, мен өз елінде сұлтан бола алмай өзге елге қашқан «Хамиттер» туралы сөз қозғағалы отырмын. Алғашында олардың қайтыс болғаны туралы халық арасында қауесет тарайды. Кейін сол «өлгендер» қайта тіріледі. Бірақ елге қайтпайды, шетелді пана тұтады. Ал біздің заң біреуін сырттай 25 жылға «қамауға» алса, енді бірін жемқорлыққа тікелей қатысы бар деп айыптайды. Еліміз қанша айыптағанымен оларды қолға түсіре алмаған қашқындардың тізімін Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырман назарына ұсынады.
Мұхтар Әбляов
Қазір бұл есімді білмейтін қазақстандық кемде кем. Қазақстандық кәсіпкер, Қазақстанның бұрынғы, яғни 1998-1999 жылдар аралығында энергетика, индустрия және сауда министрі болып қызмет етті. 2007 жылдың маусымында қазақстан сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, банк мүлкін заңсыз пайдаланып, қызметтік мүмкіндігін асыра пайдалану арқылы қымқыру деректері бойынша сырттай 20 жыл бас бостандығынан айырылған.
1963 жылдың 16 мамырында Оңтүстік Қазақстан облысының Галкино ауылында дүниеге келген.
1999 жылдың қазан айында, Мұхтар Қабылұлы отставкаға кетісімен оған қатысты қаражатты заңсыз иелену, табысын жасыру баптары бойынша айып тағылып, іс жүргізілді. Тергеу барысында Әблязов 1998-1999 жылдары «KEGOC» АҚ және Екібастұз ГРЭС-2 ресурстары жекеменшік мекемелердің мүддесі үшін пайдаланылған қылмыстық схема құрғандығы әшкереленді.
Айта кететін болсақ, «Кегок» АҚ, Екібастұз ГРЭС-2 және Қостанайасбест өндіріс орыны арасындағы электр қуаты үшін үлкен қарыз ГРЭС-2-ге өтіп кетті. Әблязовтың кесірінен, «Кегок» АҚ 1998 жылы және 1991 жылдың 1 тоқсанында 2 млрд теңгеге шығынға батты.
2002 жылдың мамыр айында сот Әбілязовты жалпы режимдегі түзету мекемесіне 6 жыл бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, келтірілген залалдың орнын толтырып, 2 жыл бойы мемлекеттік қызметте басқару қызметінен шектеді. Әблязов 2003 жылдың 8 сәуірінде Президент жанындағы рақымшылық комиссиясына өтініш білдіріп, мамыр айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев рақымшылық туралы жарлыққа қол қайып, бұрынғы министрдің ары қарай бас бостандығынан айыру жазасының үкімін тоқтатты.
Сонымен бірге осыдан бірер жыл бұрын Мұратхан Тоқмәди Әблязовтың тапсырысымен Ержан Тәтішевті өлтіргенін мойындады.
Мұхтар Әблязовқа 2005-2009 жылдар арасында БТА Банкінен қаржы жымқырды деген айып тағылды. Бұл жолғы жалпы келтірілген залал көлемі 6 млрд теңгені құрады. 2013 жылы оны Францияда тұтқындағанымен Францияның төменгі сатылы соты банкирді экстрадициялайтынын мәлімдеді. Алайда сол жылдың сәуір айында бұл үкім аяқ астынан өз күшін жойып, қылмыстық іс Лионның апелляциялық сотында қайта қаралды. 2016 жылдың 9 желтоқсанында Францияның мемлекеттік кеңесі Мұхтар Әблязовты ресейге экстрадициялау туралы жарлығының күшін жойды. Яғни Франция Қазақстанға ұстап бермейтін болып шешті. Мұхтар Әблязов Ресей, Қазақстан және Украина тарапынан қылмыстық қудалауда. Бірақ, оны экстрадициялау туралы ұстаным тек Ресей және Украина тарапынан берілуде, себебі, Қазақстан мен Франция арасында мұндай келісім жоқ. Сондықтан қазіргі уақытта Мұхтар Әблязов Францияның Париж қаласын пана тұтуда.
Мұхтар Әблязовтың айтуы бойынша, ол өзінің кінәсіз екенін ағылшын сотына дәләлдеген. Сонымен бірге оның Қазақстан демократиялық таңдау партиясы елімізде экстремисттік ұйым болып танылып, аталған партияны қолдаушылар заңмен жазаланатын болды.
Әкежан Қажыгелдин Мағжанұлы
1994-1997 жылдар аралығында ҚР премьер-министрі болып қызмет атқарған. 1998 жылы Қазақстанның республикалық халықтық партиясын құрып, оппозиционер атанды. Алайда араға аз уақыт салып Қажыгелдин шетелге кетеді. Ол бұған себеп елдегі биліктің жан жақтан жасаған қысымы деп түсіндірді. Экс-премьер министр шетелге кете салысымен 2001 жылы оның сыртынан бірнеше айып тағылып, сырттай 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айта кететін болсақ, қазір Брюссельде бір топ қазақстандық белсенді «Жаңа Қазақстан» атты форумға жиналды. Сәуірдің 9-10 аралығында өтеді деп жоспарланған форумға 15 шақты адамнан құралған делегация келген. Олардың ішінде саясаткерлер, қоғам белсенділері мен журналистер бар. Қазақстандық делегацияны 8 сәуірде Әкежан Қажыгелдин қарсы алды. Брюссельде жиналғандардың айтуы бойынша, «Жаңа Қазақстан» партия емес, форум. Сонымен бірге Әкежан Қажыгелдин өзінің Азаттыққа берген сұқбатында Мұхтар Әблязовпен бірігуі мүмкін екенін айтты. Алайда Мұхтар Әблязов «Жаңа Қазақстан» форумына басшы ретінде емес, қатардағы белсенді ретінде келуі керек.
Тағы бір айта кетерлігі 1998 жылы Әкежан Қажыгедин президенттік сайлауға қатысқан.
Виктор Храпунов
1948 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге елген. Алматы облысының, ШҚО-ның бұрынғы әкімі болып қызмет атқарған. Қазақстандық хоккей құрамасының бұрынғы президенті болған, алайда 2008 жылы Швецариядағы емделуіне байланысты отставкаға кетті. Храпуновтың үстінен 20 шақты қылмыстық іс қозғалған. Храпуновтың қылмыстық топпен байланысы бар, жемқорлық жасады деген айыппен халықаралық полиция арқылы іздеу жарияланған.
Қазір Виктор Храпунов Швейцарияда тұрып жатыр.
Бергей Рысқалиев
Бергей Рысқалиев Атырау облысының әкімі болып қызмет атқарған. 2013 жылы оның үстінен бұған дейін «бюджет қаржысын жымқырды және қызмет өкілетін теріс пайдаланды» деген айыптар тағылып, халықаралық іздеу салынған болатын. Сонымен бірге Атырау облысындағы Рысқалиевтің командасы жымқырған фактілер бойынша қылмыстық істерді тергеу барысында жедел тергеу тобы 100-ге жуық түрлі сараптама жүргізген, мыңнан астам адам сұралды, ондаған іздеу шаралары жасалып, 30 мыңнан астам құжат тәркіленді. Тергеу тобы жұмысының нәтижесінде Атырау облысында 2006-2012 жылдар аралығында 6 жыл бойы әрекет етіп келген бұрынғы әкім Бергей Рысқалиев құрған және басшылық еткен ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Тергеу барысында анықталғандай, Рысқалиев өзіне берілген билікті пайдалана отырып мемлекеттік қаражатты қолды ету мақсатымен 35 адамнан құрылған үш ұйымдасқан қылмыстық топ құрған.
Сонымен бірге экс әкімнің ісі көлемі жағынан 800 томға жуықтады деген деректер бар. Бұл елімізде бұрын-соңды болмаған қылмыстық іс болып есептеледі. Бергей Рысқалиев туралы халық арасында түрлі қауесеттер тарап, оны көпшілігі өліп қалды деп ойлады. Алайда биылғы жылдың ақпан айында оның Ұлыбританияда тұрып жатқаны белгілі болды. Бұл туралы Серікжан Мәмбетәлин өзінің фейсбук парақшасына жазған болатын. Серікжан Мәмбетәлиннің айтуы бойынша, Бергей Рысқалиевтің қазіргі жағдайы жақсы, Ұлыбританияда саяси босқын мәртебесін алған.
Елден қашып, өзге елде емін-еркін өміріп сүрген саяси қашқындардың елге оралу-оралмауы белгісіз. Олардың елге оралуы еліміздің алдағы саяси жағдайына тікелей байланысты болуы әбден мүмкін. Алайда өзге елде ұлтан болғанша, өз еліңде сұлтан бол дегенді де ұмытпаған жөн. Мүмкін олар елге оралып, өткен қателіктерін қайталамауға тырысатын шығар. Бәрі мүмкін... Барлығына уақыт төреші.
Алайда бір сұрақ: Шетелде шалқып өмір сүріп жүрген саяси қашқындарды сырттай бірнеше жылға түрмеге қамаудың не керегі бар?