Тараз қаласындағы Жеңіс саябағы түпкілікті түрленбек. Бауыржан Момышұлы атындағы демалыс орнында құрылыс жүріп жатыр. Мәңгілік алау мен музей, 68 мын жауынгердің есімі жазылатын көркем кесенелер жөндеу жұмыстары біткен соң саябақ төрінен орын алмақ, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Құрылысшылар екі ауысымда жұмыс істеп, барлық шаруаны мамырға дейін бітіруді жоспарлап отыр.
Қаланың қақ ортасында тұрған, Бауыржан Момышұлына және Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштер осы саябаққа әкелінбек. Сонымен қатар Былғары комбинаты аумағындағы «мәңгілік алау да» осында орналасатын болады. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 68 мың жауынгердің есімі де саябақтағы мәрмәр тасына қашалып жазылмақ.
Жеңіс саябағымен бірге көлденең жатқан Жансүгіров көшесі де ажарлана түспек. Бұрын ені 7 метр болған даңғыл енді 12 метрге дейін кеңейтілуде. Қала тұрғындары үшін де, қаладағы көлік қозғалысы үшін де оның маңызы орасан зор.
Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулеттің айтуынша, саябақ құрылысына 120 жұмысшы мен 30 техника жұмылдырылған.
— Жан-жақтан барлық жобалаушы мекемелерді, сәулетшілерді, мүсіншілерді шақырып, солармен кеңесе отырып, әр жобаны сол кеңесте қарап, бекітіп, ары қарай соны жұмысқа қосып жатырмыз. Саябақтың ішінде қымызхана, балалар ойнайтын алаңдар салынып, жастарды патриоттық сезімге баулитын архитектуралық жобалар да бой көтереді, — дейді әкім.
Рүстем Дәулет саябақ арқылы өтетін Қарасу өзенінің жағалауы да ретке келтіріліп, түрлі демалыс орындары ашылатынын айтады. Саябақ ішінде жаяу жүргіншілерге және велосипедке арналған жолдар пайда болмақ. Осындай игі істерге облыстық бюджеттен 370 млн теңге қарастырылған. Жоспар бойынша жамбылдықтар алдағы «Жеңіс күні» мерекесін осы саябақта атап өтеді.
Оставить комментарий