Алматы қаласының 45 % пайызын жастар құрайды.
Бүгін Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Бескемпіров Шыңғыс Жұмағалиұлының қатысуымен брифинг өтті.
Басқарма басшысы Шыңғыс Жұмағалиұлының айтуынша, Алматы жастар қаласы болып саналады. Қаланың әрбір екінші тұрғыны жастар қатарына жатады. 14 пен 35 жас аралығында 800 мыңға жуық жастар өмір сүреді және ол қаланың барлық тұрғынының 45,2% пайызын құрайды.
Жастар саясаты саласындағы негізгі міндеттерді шешу үшін, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, 2017 жыл Алматы қаласында Жастар жылы болып жарияланды, - деп баяндады басқарма басшысы.
Жастар жылы, сонымен қатар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мемлекет басшысының жобасы аясында «2020 жылға дейін жастарды қолдау жол картасы» жобасы жасалды. Аталмыш құжат құрамында қала үшін теңдессіз шаралар қарастырылған. Жол картасы жастар мен қоғам арасында кең ауқымды талқыға түсіп (50-ден астам кездесулер өткізілді), Қоғамдық Кеңес пен қалалық Маслихатпен мақұлданды.
Жол картасының ең басты мақсаты – жастардың өзіндік дамуы мен жан-жақты дамуына жағдай жасау, мегаполис талабына сай өмір сүруге үйрету, жастар арасында салауатты өмір салтын сақтауды дамыту болып табылады.
Құжат барлығы 5 басты бағытта жасақталған:
- сапалы білім;
- жұмыс бастылық пен жұмысқа орналасу;
- мәдени демалыс және салауатты өмір салты;
- баспана және жас отбасыларға көмек;
- белсенді жастар қаласы, - деп атап өтті басқарма басшысы Шыңғыс Жұмағалиұлы.