Жастар арасындағы стартап-жобаларға көмек көрсету мақсатында «Zhastar Innovation» жобасы іске қосылды.
Бұл туралы Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Шыңғыс Жұмағалиұлы айтты.
Шыңғыс Жұмағалиұлының ақпараты бойынша, «Zhastar Innovation» барлығына танымал брендке айналды, ең бастысы жас ғалымдар мен өнер тапқыштардың өз туындыларын көрсетіп, ары қарай дамытатын, жаңа ойларымен бөлісіп, сол жобаларына инвесторлар таба алатын ашық алаңына айналды.
Осы жоба аясында: 3 стартап көрме, бизнес-тренерлермен кәсіпкерлік бағытында 8 семинар-тренинг, жобаның негізгі жұмыстарының бірі болған, танымал кәсіпкерлердің қатысуымен өткен, 3 модульдық оқу жүйесі бар 5 кездесу және тағы да көптеген қызықты әрі пайдалы шаралар өткізілді. Шараға барлығы 100 жоба қатысты және де жеңімпаздар 10 номинация бойынша ақшалай мараппатталды. Жобаның негізгі қатысушылар саны 5000-нан, ал қосымша қатысушылар саны 200 000-нан асты.
Жастарды салауатты өмір салтын ұстануға және де азаматтық мәдениетке тәрбиелеу мақсатында 2017 жылы мәдени дамуға үлес қосатын, спорттық шаралар өткізілді – «Алматы қ. Еріктілер корпусы», КВН ойындары, «Жайдарман», «Көзқарас» жас эксперттер дискусс клубы, «Менің елім» дебат ойындары, Республикалық Дельфий ойындары, жалпықалалық веложарыстар. Сонымен қатар, жас отбасын қалыптастыру, ата-аналық жауапкершілікті арттыру, отбасы құндылықтарын өсіруге пропаганда жасайтын «Жас отбасы» жобасы іске қосылды,-деп атап өтті басқарма басшысы Шыңғыс Жұмағалиұлы.
«Алматы жастары» жобасы аясында 100 жас отбасы жаңа қоныс иесі атанды.
Оның сөзінше, студенттік жатақхана мен жас отбасыларға қолжетімді баспана ұсынудағы мәселелерді шешу жолында, Жол картасы құжаты аясында, Алматы қаласының студенттеріне, 2020 жылға дейін 20 жаңа жатақхана салу жоспарланды. ЖОО-дарына арналған 20 жаңа жатақхананың, 5-еуі (2 500 орын) ағымдағы жылдың аяғына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтайтын болады.
Жол картасы барысында, «Алматы жастары» жеңілдетілген баспанамен қамту жобасы бойынша «Жилстройсбербанк» арқылы несиемен баспана алудың алғашқы қадамдары жасалды. Жергілікті бюджеттен арнайы жоба үшін бір миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді.
«Алматы жастары» жобасының тағы бір артықшылығы қатысушылардың жас мөлшерін 35 жасқа дейін ұлғайтылғандығында. Халықтың әлеуметтік осал бөлігіне – көпбалалы отбасы, 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектер, толық емес отбасы және жетімдерге біраз жеңілдік шаралары қарастырылған. Төмен пайыздық мөлшерлеме – 10 млн. теңгеге дейінгі несиелер, жылына 5% өсіммен берілетін болады. Жыл аяғында «Алматы жастары» жобасы бойынша 100 жас отбасы жаңа қоныс иесі атанады,-деп айтып өтті ол өз сөзінде.
Сонымен қатар, АҚ «НК «СПК «Алматы» арқылы жастарға (студенттер, 35 жасқа дейінгі жас отбасылар ж.т.б) арналып жатақханалар салу жобасы қарастырылуда. Қазіргі таңда Алматы энергетикалық және байланыс университетімен, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетімен, Алматы Менеджмент университетімен және де
С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетімен меморандумға қол қойылды,-деп баяндады басқарма басшысы Шыңғыс Жұмағалиұлы.
Алматы қаласының 45 % пайызын жастар құрайды.
Басқарма басшысы Шыңғыс Жұмағалиұлының айтуынша, Алматы жастар қаласы болып саналады. Қаланың әрбір екінші тұрғыны жастар қатарына жатады. 14 пен 35 жас аралығында 800 мыңға жуық жастар өмір сүреді және ол қаланың барлық тұрғынының 45,2% пайызын құрайды.
Жастар саясаты саласындағы негізгі міндеттерді шешу үшін, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, 2017 жыл Алматы қаласында Жастар жылы болып жарияланды, - деп баяндады басқарма басшысы.
Жастар жылы, сонымен қатар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мемлекет басшысының жобасы аясында «2020 жылға дейін жастарды қолдау жол картасы» жобасы жасалды. Аталмыш құжат құрамында қала үшін теңдессіз шаралар қарастырылған. Жол картасы жастар мен қоғам арасында кең ауқымды талқыға түсіп (50-ден астам кездесулер өткізілді), Қоғамдық Кеңес пен қалалық Маслихатпен мақұлданды.
Жол картасының ең басты мақсаты – жастардың өзіндік дамуы мен жан-жақты дамуына жағдай жасау, мегаполис талабына сай өмір сүруге үйрету, жастар арасында салауатты өмір салтын сақтауды дамыту болып табылады.