Ислам діні бағытындағы ДДА 570 ұстанушысымен әңгімелесу жүргізілді.
Мұндай тың ақпаратты Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Есенбеков мәлімдеді.
Айдар Рахымжанұлының баяндауынша, ДДА ұстанушылардың шоғырланатын негізгі орындары шағын және орта бизнес нысандары (базарлар, сауда үйлері, ұялы телефондарды жөндеу орындары және т.б.) болып табылады.
ДДА ұстанушыларымен барлық оңалту жұмыстары әкімдіктің құқық қорғау органдары және арнайы органдар қызметкерлерімен, ҚМДБ өзара тығыз байланыста жүзеге асырылады.
2016 жылы әлеуметтік маңызды жобаларды орындау бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында Кеңес беру, алдын алу және оңалту орталығы құрылды.
Жалпы 2017 жыл басынан бастап ислам діні бағытындағы ДДА 570 ұстанушысымен әңгімелесу жүргізілді. Негізгі жұмыс оларды теологиялық бас тартқызу және дәстүрлі Ислам арнасына бет бұрғызу (Ханафи мазхабы).
Орталықтың, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті қызметкерлерінің және қала мешіттері имамдарының өткізген оңалту жұмыстары нәтижесінде ДДА 245 ұстанушысы оңалтылды.
Осы ретте, «Деструктивті және экстремистік діни ағымдардың радикалды және жалған идеологияларының ықпалына ұшыраған адамдар үшін кеңес беру, алдын алу және оңалту қызметтерін көрсету бойынша оңалту орталығының қызметін ұйымдастыру және жалғастыру» жобасы аясында жұмыс жоспарына сәйкес ағымдағы жылы радикалды діни идеологияға бейім деструктивті діни ағымдардың кемінде 1000 жақтастары және ұстанушыларымен жеке әңгімелесу өткізу жоспарланған.
2017 жылы қаланың діндар бөлігі үшін келесі спорт түрлері бойынша (минифутбол, гір көтеру, садақ ату, қазақ-күресі, асық ату, ләңгі-тебу, арқан тарту, бағанаға өрмелеу және т.б.) ұйымдастырылған спорттық жоба халықтың діндар бөлігінде ерекше қызығушылық тудырды.
Жоба аясындағы минифутбол бойынша («Алматы қаласы мешіттерінің жамағаты арасындағы футбол лигасы») сайыстарға қаланың 48 мешітінің жамағатынан құралған 403 команда қатысты, ал, қатысушылардың жалпы саны 2500-нан астам адамды, оның ішінде 360-тан астам ДДА ұстанушысын құрады.
Жалпы алғанда, жоба аясындағы спорттық-бұқаралық іс-шараларға Алматы қаласының 13 500-ге жуық діндар жамағаты қатысты.
Бұдан өзге, діндар әйелдердің радикалдануын тежеу және шоғырлануына жол бермеу мақсатында жалпы саны 1500-ға жуық әйел қамтылған 200-ден астам алдын алу сипатындағы іс-шара өткізілді.
Жүйелі түрде діни экстремизм мен терроризм идеологиясының насихатталуын болдырмау мақсатында қылмыстық түзету жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жүргендер, оның ішінде деструктивті діни идеологияны ұстанушылар арасында ақпараттық-түсіндіру және оңалту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп отырады. Мысалыға 2017 жылы мамандар 49 кездесу және лекция өткізіп, 1113 адам қамтылды.
Дін саласындағы негізгі болжамдық құжаттар, нақтырақ айтқанда «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» және «2018-2022 жылдарға арналған діни экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарлама» есебінен дін саласындағы тұрақты ахуалдың сақталуы және ДДА ұстанушыларының белсенді қызметінің бәсеңдеуі күтілуде. Көрсетілген міндетті орындау үшін бұдан әрі барлық мемлекеттік органдардың өзара тиімді әрекеттестігі күтілуде, - деп сөзін түйіндеді Айдар Есенбеков.