Алматыда «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы талқыланды

/uploads/thumbnail/20180423160939773_small.jpg

Алматы қаласындағы Достық үйінде  Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық бірыңғай күні аясында «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын талқылауға арналған жиын өтті. ҚХА төрағасының орынбасары Әбілфас Хамедов төрағалық еткен жиынға Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Сағади Бөлекбаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия кафедрасының меңгерушісі Гүлжиһан Нұрышева,  Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» қауымдастығының төрағасы Князь Мирзоев қатысты.

Сонымен қатар, ҚХА «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының Алматы қалалық штабының өкілдері, қалалық этномәдени бірлестіктердің жастар қанатының төрағалары, студенттік ұйымдардың көшбасшылары бар. Басқосуға қатысушылар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының маңызына тоқталып, әлемдік әдебиеттің жауһары саналатын 18 оқулықтың тұңғыш рет қазақ тіліне аударылуы баға жетпес қазына екендігін тілге тиек етті.

– Біз Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін» деген оқулығын ағылшын тілінен қазақ тіліне аудардық. Екінші автор  философия ғылымының кандидаты Гауһар Зұлпыхарқызы. Біз жұмысты былтырғы маусым айында бастадық. Жұмыс оңай болмады. Жауапкершілігі мол. Өйткені, бұл Президенттің тапсырмасы. Оның үстіне, аударылған кітаптың сапасына қарай отандық философтарға баға беріледі. Біз кітаптың соңғы нұсқасын 4-5 рет өңдедік. Әрбір сөзді, әрбір сөйлемді тексердік. Негізгі мақсат – бұл қазақтың жастарына арналған оқу құралын жазып шығу, – деді философия ғылымының докторы Гүлжиһан Нұрышева.

Ал Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» қауымдастығының төрағасы Князь Мирзоевтың айтуынша, жоғары оқу орын­дарындағы студенттердің 70 пайызы қазақ тілінде оқитынын ескерсек, әлемнің гуманитарлық саладағы інжу-маржандарының қазақ тілінде сөйлеуі рухани жаңғыруымызға ықпал етпек.

«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жақында 18 оқулық жарыққа шығады. Олар экономика, философия, тарих, тіл білімі, жалпы әлеуметтік-гуманитарлық салаларды қамтиды. Бір ерекшелігілі, бұл кітаптардың барлығы да ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылған. 

18 оқулықтың әрқайсысы 10 мың данамен басылады. Алдағы бір айда еліміздің барлық өңірлеріне таратылып, кітапхана сөрелерінен табылатын болады. 

Алматы ақшамы

Связанные Статьи