БҚО-дағы іскер қыз-келіншектер тәжірибе алмасты

/uploads/thumbnail/20180425112231269_small.jpg

Батыс Қазақстан облысының іскер әйелдері Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында бас қосты.

Жиын қыз-келіншектер басшылық ететін кәсіпорындардың өнімдері қойылған көрмемен ашылды. Көрмеге «Балзия», «Омаров торттары» кондитерлік цехтарының тәтті тағамдары, «Тұмар» қолөнер шеберханасының бұйымдары, «Мария ханым» сән үйінің киімдері қойылды. Форумның ашылу салтанатында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов, Орал қаласы  әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының директоры Сәкен Карин мен палата жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жұлдыз Құспанова сөз алып, ел экономикасының дамуына үлес қосып жүрген қыз-  келіншектердің жұмысына сәттілік тіледі.

– Баршаңызға белгілі, Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясында еліміздегі шағын  орта бизнестегі өнімнің үлесін 50 пайызға жеткізу көзделген. Өңіріміз сол үдеден шығуға тырысуда. Облысымызда қалыпты жұмыс істеп тұрған 48 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік нысан болса, оның 22 мыңға жуығын нәзік жандылар басқарып отыр. Аталмыш көрсеткіш бүгінде әйелдердің кәсіпкерлік қызметімен айналысуға деген белсенділігін көрсетеді. Сіздердің кәсіптеріңіз арқылы еліміздің экономикасы дамымақ. Сондықтан дендеріңізге саулық тілеймін,- деді облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов.

 Сәкен Карин аталмыш форум қыз-келіншектердің кәсібіне тың серпін беретінін жеткізді. – Біз сіздердің кәсіптеріңізді дамытуға мүдделіміз. Қытайлық «Alibaba» ірі интернет компаниясының негізін салушы Джек Ма өз жетістігінің сыры арулар екенін айтқан. Өйткені олар өздерінен гөрі отбасының өзге мүшелеріне қамқор болғанды ұнатады. Бұл форум бизнестеріңіздің дамуына жаңа идея қосады деп сенеміз, – деді Сәкен Карин.

ЗКО Бизнес форум леди

Шара барысында бірқатар іскер арулар облыс әкімінің атынан алғысхатпен марапатталды. Олардың қатарында «Балзия» кондитерлік цехы мен дүкендер желісінің қожайыны Балзия Евенеева, «Мария ханым» сән үйінің құрылтайшысы Мария Құспанова, Батыс Қазақстан инновациялық технологиялар университетінің құрылтайшысы Ләззат Рысбекова, «Жайық Дент» стоматологиялық орталығының құрылтайшысы Меруерт Мусина, «Есет» шаруа қожалығы және«Заря Востока» базарының басшысы Айгүл Молдашева бар. Форумда ел экономикасының дамуындағы әйелдердің рөлі, олардың кәсібін қолдау және қоғамдағы белсенділігін арттыру тақырыбында баяндамалар оқылып, облыс әкімдігі мен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесі өзара ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойды.

Связанные Статьи