Алтай Көлгінов күнбағыс майын өндіретін кәсіпорында болды

/uploads/thumbnail/20180425124125606_small.jpg

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Теректі ауданында жаңғыртудан кейін іске қосылған «Теректі май комбинаты» ЖШС-ында болып, өсімдік майын өндіретін кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты.

Теректі ауданының Пойма ауылындағы  күнбағыс майын өндіретін кәсіп­орынның іргетасы алғаш 2009 жылы қаланған болатын. Аталған кәсіпорынды оның бұрынғы иелері әбден тұралатып, титықтатып тынғаны белгілі. 2014 жылы жаңа инвестор табылып, кәсіпорынның миллиардтаған қарызын өтеу және өндірісті техникалық жаңғырту жұмыстары қолға алына бастаған еді. Зауытқа екінші тыныс сыйлаған инвестор «БелесАгро» компа-

ниялар тобының жетекшісі Мұрат Жәкібаевтың айтуынша, жобаның жалпы құны 2 млрд. 300 млн. теңге, ал жаңғырту жұмыстарына 1 млрд. 200 млн. теңге қаржы жұмсалған.

– Жаңадан орнатылған еуропалық құрал-жабдықтар мен заманауи технология өндіріс көлемін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді. Бұрын жылына 20 мың тонна шикізат өндірілсе, қазір 45мың тоннаны құрайды. Зауытта бұрын майлы дақылдардан тек 30 пайыз ғана май алынатын. Жаңа желілер 44 пайызға дейін май алуға мүмкіндік береді.  Бұрынғы төрт өндірістік цех желісі жаңа төрт цехпен толықты. Оның ішінде шикізатты дайындайтын,  дәнді сығымдап тазартатын, экстракциялайтын (заманауи желілер бар. Дәнінен ажыратылған күнбағыс қабығын жағып, одан бу өндіреміз. Яғни, майлы дақылдан май алу барысында газ немесе көмір отыны қолданылмайды. Қазір алып бу қазандығы қуатының тек отыз пайызын ғана қолданып отырмыз. Болашақта бу қорын жылыжай шаруашылығы

мен құрама жем дайындауда пайдалануға болады, – дейді Мұрат Орынбайұлы. Облыс әкімі зауыттың жаңадан іске қосылған өндірістік цехтарында болып, майды тығыздау, тазарту және құю желілерінің жұмысымен танысты. Кәсіпорын басшысымен, технолог мамандармен, жұмысшылармен пікірлесіп, мамандарды дайындау, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, жалақының уақтылы төленуі және шикізат алуда жергілікті тауар өндірушілерге басымдық беру мәселелерін талқылады.

– Зауытты өз көзімізбен көріп, таныстық. Мемлекеттің қамқорлығымен екі жыл бойы қыруар жұмыстар атқарылды. Жаңа технологиялар тартылып, көп қаражат құйылды. Жаңа жұмыс орындарын ашу, өзімізге қажет өнімді шығару, оған қоса экспортқа жөнелту кезек күттірмейтін маңызды мәселелер. Алдағы уақытта кәсіпорын жүйелі жұмыс жасайды деген сеніміміз мол. Біздің шаруа қожалықтарымыз еккен өнімінің бәрін осы жерге алып келеді. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді зауыт ұжымымен кездескен облыс әкімі Алтай Сейдірұлы.

Қазіргі таңда зауытта 105 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, басым бөлігі Теректі ауданының Ақсуат, Пойма ауылдарының тұрғындары.

Связанные Статьи