Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату қажеттігіне тоқталған еді. Тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратуға болатынын Батыс Қазақстан облысындағы Тасқала ауданының тұрғыны Қанат Буентаев дәлелдеп бергендей болды. Ол небәрі он күннің ішінде көліктің жарамсыз дөңгелектерінен ұзындығы - 8, ені 6 метр болатын төрт түлікке арналған қора тұрғызды.
– Қазір қалтаның қалыңдығына келіп тірелетін заман ғой. Тығырықтан қалай шығу керек деп ойланасың? Біріншіден, жарамсыз дөңгелектерді іске жаратайын деп құрылыс жұмысына кірісе кеттім. Екіншіден, резинаны өртеу экологияға залал. Қораны тәжірибе жүзінде сынамақ болып, салып көрдім. Қыстан ойдағыдай шықтық, енді гараж салу ойда бар. Әр доңғалақ ішін топырақ қоқыс қалдықтарымен толтырдым. Құрылысқа 700-ге жуық резина жұмсалды. Оның өзін үш айдай жинадым, – деген Қанат Әбілұлының болашақта қорасын төрт түлікке толтырып, шаруашылықпен айналыссам деген ниеті бар. Қанат жары екеуі екі қыз бен екі ұл тәрбиелеп отыр. Әкелері қолға алған іске балалары да қолғабыс етеді. Қыста жылы, жазда салқын қораға қақпақтарды көшеден, күл-қоқыстардан жинапты. Еңбекқор азамат оған бір тиын да ақша жұмсамаған. Тек ескі резиналарды бір-біріне бекіту үшін арнайы шегелерді 3000 теңгеге сатып алған. Енді есік пен терезені орнату ғана қалыпты.
«Еңбек ептілікті сүйеді» демекші, еңбекқорлығы мен ептілігінің арқасында Қанат бірнеше жыл бұрын ауласын жеңіл көліктің қаңқаларымен қоршап алған. Екі жұмада тұрғызылған аулаға 43 көліктің қаңқасы кеткен.
-Негізі, мұны бір кинодан көріп, неге жасап көрмеске деген ой келді. Жарамсыз темір тұлпардың қаңқасы да кәдеге асты, қоқыс та азайды. Үйдің айналасында 20 шақты бала бар. Оларға, әрине, ойын алаңы қажет. Арнайы жер болса, алаң салу жоспарда бар. Үйімнің жанында бос жатқан жердің пайдаланылмағанына бірнеше жылдың жүзі болды. Егер сол жерді маған берсе, жарамсыз жабдықтардан салынған ойын алаңы көздің жауын алып тұрар еді, – дейді кейіпкеріміз.