Аграрлық білімнің қара шаңырағы Қазақ Ұлттық аграрлық университеті ұжымы тағы бір тамаша жиынның куәсі болды. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Елбасының әлеуметтік бес бастамасын халыққа түсіндіру мақсатында аграрлық университетке атбасын бұрып, білім алып жатқан студенттердің тыныс-тіршілігімен танысып, жатақханаларды аралап көрді.
Университет жанындағы Халықаралық Агротехнологиялық хаб құрамына кіретін инновациялық орталықтар мен зерттеу-зертханаларын аралап, «Н.Назарбаев білім және ғылым орталығының» ашылу салтанатына қатысты.
Университет ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов қонақтарға оқу орнының бүгінгі жетістіктері мен алдағы мақсаттары туралы баяндап, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыруға байланысты университет бойынша әзірленген жұмыс жоспары аясында атқарылып жатқан нақты іс-шаралар барысы туралы әңгімеледі. Осыдан соң университетке арнайы келген халық қалаулылары – ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» Партиясының Мәжілістегі Фракциясының жетекшісі – Гүлмира Есімбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы, «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі Фракциясының мүшесі – Гүлнар Ықсанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» Партиясының Мәжілістегі Фракциясының мүшесі Зәуреш Аманжолова жұмыс сапарларын университет жанындағы студенттер үйін аралаудан бастап, бөлмелерге бас сұғып, олардың жәй-күйімен танысты.
Мәжіліс депутаттарымен бірге «Нұр Отан» партиясының Алматы қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жұлдыз Омарбек, Алматы қаласы мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясының Алматы қаласы филиалы төрағасының орынбасары Станислав Канкуров және басқа да лауазымды азаматтар болды.
Қонақтар студенттік үйлердегі жағдаймен танысып шыққаннан кейін, университеттің бас ғимаратындағы Мәжіліс залында арнайы басқосу өтті. Жиынды университет ректоры, академик Тілектес Есполов ашып, жүргізіп отырды:
– Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ұжымы Елбасы Үндеуіндегі маңызды бес бастаманы қолдап, онда айтылған өзекті мәселелерді ерекше ықыласпен қабылдады. Елбасы Үндеуінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің қатысуымен 75 мың орынға арналған студенттік жатақханаларды 2020 жылға дейін салу жоспарлағаны туралы айтылды. Бұл, әсіресе, 98% ауыл балалары білім алатын біздің университетіміз үшін қуана қабылдайтын жаңа бастама болып тұр. Бүгінгі таңда университетімізде студенттердің 40% ғана жатын орындармен қамтамасыз етілген. Әлі де 2000-нан аса студентіміз жатақханаға мұқтаж. Осыған байланысты университет тарапынан құзыретті орындарға арнайы ұсыныс жасалып, жаңа үлгідегі заманауи жатақхана құрылысының жобасын әзірленді, – деді ректор.
Кездесу барысында ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, Гүлмира Есімбаева Мемлекет басшысының егемен еліміздің кемел келешегін қамтамасыз ету жолындағы ерен еңбегін ерекше атап өтіп, Елбасы ұсынған әлеуметтік бес бастаманың маңызына тоқталып, студенттермен пікірлесті:
– Отандық ауыл шаруашылық білімі мен ғылымының көшбасшысы, тоқсан жылдық тарихы бар – Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен таныса отырып, көз жеткізгеніміз – бұл оқу ордасында жастарымыздың озық білім алып, заманауи ғылыммен айналысуына барлық жағдай қарастырылған екен. Жатақханаларды аралап, студенттердің жағдайларын өз көзімізбен көріп, өтініш, тілектерін тыңдадық. Ғылыми орталықтарды, зертханаларды аралап, жас ғалымдардың ғылыми жобаларды орындау процестеріне куә болдық. Алғыр да білімді жастарымыз жанып тұр! Елбасымыздың бес бастамасын біз оларға емес, олар бізге түсіндіріп берді десек те болады, – деді халық қалаулысы Гүлмира Естайбекқызы.
Жиында ҚазҰАУ-дың Стратегиялық даму басқармасының басшысы, экономика ғылымының докторы, профессор Үкілай Керимова, Даму жобаларын басқару басқармасының басшысы, экономика ғылымының кандидаты, профессор Гүлмира Нұрманбекова сынды ғалымдар мен белсенді студенттер сөз сөйлеп, Елбасының бес бастамасына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.
Дәл осы күні, қонақтар университет жанындағы «Н.Назарбаев білім және ғылым орталығының» ашылу салтанатына қатысып, орталықтың жастарды тәрбиелеуге зор ықпал жасайтынын атап өтті. Орталықта заманға сай жабдықталған Елбасы кітапханасы, Елбасы мұражайы, «Достық» студенттік ассамблеясы залдары орналасқан.
Университеттегі тәрбие жұмысының басты бағыты – Елбасы белгілеп берген «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыру аясында болашақ мамандарды жан-жақты дамытуға арналған О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты, «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер институты, Тәрбие және қоғамдық жұмыстар жөніндегі департаменті, «Қазақстан жолы» тәрбие-білім орталығы, «Зиялы қазақ» дебат орталығы және басқа да студенттік жастар ұйымдары ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді.
Кездесуден кейін қонақтар студенттер тарапынан түскен ұсыныс-пікірлерді тиісті орындарға жолдайтындықтарын жеткізді.
Алматы ақшамы